Қалта телефонынан көз алмайтындарға арналған жол бөлігі

Қалта телефонынан көз алмайтындарға арналған жол бөлігі
Фото: asianewsnet.net

Таиланд астанасында оқып жатқан студенттер осы кезге дейін бас ауыртқан мәселеге шешім тапты.

Олар көшеде келе жатып, үнемі қалта телефонына шұқшиятын жүргіншілерге арнап жол бөлу идеясын іске асырды. Бұл үшін тапқыр студенттер университет жанынан өтетін жүргінші жолының қақ ортасын ақ жолақпен анық етіп сызған. Мұнан соң жолдың бір бөлігіне телефонның суретін салған. Ал екінші бөлікте белінен бір сызылған телефонның суреті бар. 

Идея авторларының айтуынша, бұдан кейін жағдай біраз өзгеріпті. Себебі бұрын гаджетке ғана қарап келе жатқан адам үнемі өзге жүргіншімен соқтығысып қалатын. Ең сорақысы, телефонның «ішінде өмір сүретіндер» көлік жүретін жолға қалай шығып кеткенін білмей қалып, апатқа ұшыраған кездер де болған. Енді көшеде келе жатқан жұрт жолдағы арнайы белгіге қарай жүріп, діттеген жерлеріне кедергісіз, ал ең бастысы, аман-сау жетеді, деп хабарлайды ТАСС.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы