Студентті университет оқытып қана шығармайды...

Студентті университет оқытып қана шығармайды...

Жоғары оқу орындарының берері аз емес: сапалы білім, саналы тәрбие т.с.с. Жоғары білімді маман болып шығуға тәрбиелейтін университеттің жағымсыз тұстарын ғалымдар дәлелдеп отыр. Мамандардың пікірінше, аз дегенде, 4 жыл оқытатын оқу орындары сізді тек білімді етіп қана шығармайды. Мамандар студентті ақымақ етіп шығаратын тұстарын анықтап берді. Ендеше, назар аударайық: біз нені жоғалтып, нені тауып жүр екенбіз?

Топпен көрген ұлы той

Университетте мыңдаған студент білім алатындықтан, онда әр студентке жеке білім беру мүмкіндігі жоқ. Сол үшін кем дегенде, 20 шақты студентті әр мамандыққа байланысты топтарға бөліп тастайды. Бір күндік дәрісті оның бәрі тыңдап, бәрі бірдей ұғуы екіталай. Жүйе де соған лайық. "Оқысаң, оқы! Оқымасаң, күтпейміз" дегендей белгілі бір жүйемен жүріп өтеді. "Көппен көрген ұлы той" деп амалсыз көштен қалмай жүретін студенттердің бәрі бірдей сабақты меңгере қоймайды. Ал бәріне жете түсіндіріп, әр студентке бөлек дәріс оқу миға сыймайтын дүние. 

Күні бойы бір орында отыру

Бір күн бойы бір аудиторияда отыру студенттің ақылының жетілуіне зиян жасайды екен. Майо емханасының маманы Джеймс Левин ұзақ отырудың адам денсаулығына қалай әсер ететіндігі жөнінде зерттеу жасады. Жақсы нәтиже шыға қоймады. Левин бір күнде тапжылмай екі сағат отыратын адамның ағзасында зат алмасу процесі тоқтайды дегенді айтады. Күнделікті сабақтар бес-он минуттық үзілістермен 50-90 минутқа созылады. Ал емтихан кезінде тапжылмай 2-3 сағат отыратын студенттердің жағдайы тым жақсы емес. 

Көп тапсырма

Студенттер әр сабақтан берілген сансыз тапсырмаларды орындау тұрмақ, оларды ойлап-ақ шаршайды. Бар сабақты орындау керек! Осындай студенттер әр тапсырманы бір-бір шолып қана өтеді. Кейбіреуіне өтірік дайындалады. Түні бойы дайындалған тапсырмаға оқытушының көңілі тола қойса, жақсы ғой. 

Дұрыс тамақтануға уақыт жоқ

Таңнан кешке дейін болатын сабақтар тамақтануға кедергі келтіреді. Үзілістер тек 10-15 минутқа ғана созылады. Ал мұндай аз уақытта тез тамақтану денсаулыққа жақсылық алып келмейді. Уақытылы тамақтанбау тағы бар.

Жүгіру

Сабаққа үйден қатынайтын студенттердің жағдайы жатақханада тұратын студенттерден ауыр. Бәріне кінәлі - жол кептелісі. Одан қала берсе, дұрыс баға ала алмай мұғалімдердің артынан жүгіреді. "Кітап қалмай қалатын болды" деп кітапханаға қарай шабады. "Жүгірудің зияны жоқ" дегіңіз келіп отыр ма? Әрине, денсаулыққа пайдалы-ақ. Бірақ қорқынышпен жүгірудің жөні бір бөлек. "Жоқ" деп белгілеп қояр ма екен?", "Баға ала алмай қалатын болдым" деп жүгірудің дене шынықтыру үшін жүгіруден айырмашылығы зор. Ғалымдар дәлелдеп отыр!

Ұйқы қанбау

Бұл жөнінде айтуға әбден болады. Түн адамға ұйқы үшін беріледі. Ал студенттерге ол үшін емес. Сансыз тапсырмалар оларды қалай ұйықтатсын? Ал ұйқының бұзылуы - денсаулықтың бұзылуы. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: kursiv.kz 

А. Әбілхан