Аш қарынға ішуге болмайтын 4 сусын

Аш қарынға ішуге болмайтын 4 сусын
Фото: ru.freepik.com

Біз қандай да бір тамақтың ағзаға әсері жайлы жиі ойлаймыз да, сусынға келгенде немқұрайлық танытамыз. Бір кесе шай немесе шырыннан не болар дейсің? Бірақ кей сусындарды аш қарынға ішсеңіз, ол жағымсыз әсерлерге әкеліп, нақты аурулардың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Ендеше, қандай сусындарды аш қарынға ішпеген жөн?

Қою шай

Көк шайдың да, қара шайдың да ағзаға пайдасы бар. Бірақ оны аш қарынға ішпеген жөн. Шайда илік заттектер – таниндер бар. Аш қарынға ішкен кезде таниндер жүрек айнытуы мүмкін. Сусын қою болған сайын оның құрамында танин де көп болады. Сондықтан ол жағымсыздық сыйлайды. Сондай-ақ шайды бірден тамақтан кейін емес, кішкене уақыт өткен соң ішкен дұрыс.

Кофе

Кофенің де ағзаға тигізетін пайдасы жайлы білеміз: ол ми жұмысын жақсартады, көңіл күйді арттырады және т.б. Алайда кофе асқазан сөлі секрециясын ынталандырады. Сондықтан егер ушыққан ішектер синдромы, асқазан жарасы бар болса, оны аш қарынға ішу ұсынылмайды. Әйтпесе, сізді қыжыл мен жүрек айну мазалауы мүмкін. Қою шай секілді кофе де минералдардың ағзаға сіңуін нашарлатады, сондықтан пайдалы тамақ пен кофенің арасына уақыт салған дұрыс.

Жаңа сығылған шырындар

Жаңа сығылған жеміс шырындары дәрумендерге және антиоксиданттарға бай. Оларды мөлшермен ішу денсаулыққа көп пайдасын тигізеді. Жеміс шырындарында қарапайым қанттар бар: глюкоза және фруктоза. Егер мұндай шырынды аш қарынға ішсеңіз, ол қандағы глюкоза деңгейін бірден арттырып жіберуі мүмкін. Глюкозаның өзгеруі жүрек-қан тамырлар ауруының және салмақ қосып алу қаупін туындатуы мүмкін.

Алкоголь

Алкогольдің ағзаға еш пайдасы жоқ. Оны аш қарынға ішсеңіз, оның ағзаға улы әсері күшейе түседі.

А. Жапатова