Қазақстандық дәрігерлер жаңа туған нәрестеден жарты келілік ісік алды

Қазақстандық дәрігерлер жаңа туған нәрестеден жарты келілік ісік алды

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары алғаш рет жаңа туған нәрестеге бауырдың туа біткен гемангиомасын алып тастау бойынша бұрын-соңды елімізде жасалмаған  күрделі отаны жасады. Бұл ота оң жақтағы бауыр артериясының операция алдындағы рентгендік эндоваскулярлық эмболизациясымен біріге отыра жасалды.

Іш қуысының алып ісігі сәби дүниеге келе салысымын анықталған. Алып ісік бауырдың бүкіл оң жақ бөлігін алып жатқан.  Үш күндік нәресте тез арада 3 ақпан күні перзентханадан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. 

Сәбиге бес күн бойы консервативтік ем жүргізілген. Іш қуысының ісігі өте үлкен болуына байланысты және ісік ішкі ағзаларды  қысып тастағандықтан сәби жасанды өкпе аппаратында болған. Өйткені, ірі көлемдегі ісік баланың демалуына қиындық туғызған. Аз уақыттың ішінде іштің көлемі 38 см-ден  44 см-ге дейін өскен. Осы жағдайларды ескере отырып, орталық мамандары шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдаған. 

Отаның күрделілігі – комбинирленгенді болуында. Бұндай ота елімізде бұрын-соңды жасалмаған.

Күрделі ота 4 сағаттан аса жасалып, сәтті өткен. Отаны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері: Хирургиялық блоктың жетекшісі Константин Хаиров, рентгенэндоваскулярлы хирург Азиз Оңласынов, неонатальды хирургтар: Қанат Әшірбай мен Шалқар Қасенов,  Қарқынды терапия блогының жетекшісі Гүлшат Әлімханова, Нәрестелерге арналған жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Құрбанбековтан құралған өз ісінің білгір мамандары  жасады. 

Ісіктің салмағы 500 грамды құрады. Біріктірілген операцияның арқасында баладан қан кету мөлшері барынша азайтылған.

Кішкентай пациент отадан кейінгі 5-күні реанимация бөлімінен неонатология бөліміне палатаға анасының жанына ауыстырылған.         

"Бұл жағдайдың күрделілігі - көлемі үлкен ісіктің жатыр ішінде қарқынды өсуінде және ісіктің өзін алып тастау кезінде қиындықтар тудыруында болды. Сондай-ақ, ісікте кавернозды қан тамырлар көптігіне байланысты нәрестеде қанның көп кету қаупін туғызды. Комбинирленген отаның арқасында мүмкін болатын қан кету көлемі барынша азайтылды. Алып ісік баланың ішкі құрылыстарын және өкпе аймағын қысып тастаған. Нәрестеден жалпы салмағы жарты келіден асатын ісік алып тасталынды. Қарқынды терапия жұмысының арқасында қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы жақсы. Альтамир есімді кішкентай пациентіміз 12 тәулікте аман-есен үйіне шықты",-  деді емдеуші дәрігері Қанат Әшірбай.  

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық дәрігерлер қыздың миынан алып құрт алған болатын.

Т. Раушанұлы