Көктемде иммунитетті қалай көтереміз? Дәрігер кеңесі

Көктемде иммунитетті қалай көтереміз? Дәрігер кеңесі
Фото: ru.freepik.com

Иммунды жүйе - біздің ағзамыздың маңызды құрауышы. Бірақ "иммунитетке арналған таблетка" жоқ екенін түсіну маңызды. Ендеше, ағзаға қалай көмектесе аламыз? ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақбота иммунитетті қатайтуға көмектесетін кеңестерді ұсынды.

Үйлесімді тамақтану

Дәрумендер мен микроэлементтер иммунитет жұмысына тікелей әсер етеді. Барлық пайдалы затты алу үшін түрліше және үйлесімді тамақтану маңызды. Сапалы тамақтан артық пайдалы заттар көзі жоқ. Оған қоса, көктемде дүкен сөрелеріне маусымдық көкөністер мен жемістер келе бастайды. Пайдалы майлар мен ақуыздар жайлы да ұмытпаңыз. А, Е және С дәруменіне бай өнімдерге мән беріңіз. Себебі А дәрумені иммунды жасушалардың зиянды бактерияларды жою қабілетін ынталандырады. Е дәрумені - күшті антиоксидант. С дәрумені темірдің сіңуі үшін қажет және зақымдардың жылдам жазылуына жауап береді.

Жүйелі түрде жаттығу

Иммунды жасушалар қан мен лимфа арқылы үнемі айналып жүреді. Олар зақымдалған жерге қаншалықты тез жетсе, қабынуды соншалықты жылдам басады және зиянды ағзалардың көбеюін тоқтатады. Егер қозғалыс болмаса, қан мен лимфа айналымы баяулайды. Қан жүретін және лимфалық жүйені тонуста ұстау үшін физикалық жүктеменің күнде болғаны дұрыс. Жаттығу залына аптасына 2-3 рет барып, басқа күндері серуендеуге уақыт бөліңіз.

Ұйқыны қандыру

Күніне 8 сағат ұйықтау денсаулыққа пайдалы. Ұйқы қанбаса, лимфоциттер белсенділігі төмендейді және жұқпаларға жалпы сезімталдық артады. Дұрыс ұйқы қалыпқа келуге және қабынудың жылдам жазылуына жеткілікті уақыт береді. Ұйқы кезінде иммунды есте сақтау қалыптасады. Бірақ әр адамда ұйқының өз нормасы бар. Мысалы, сізге 7 сағат жеткілікті болуы мүмкін. Оны өзіңіздің хал-жағдайыңыздан байқайсыз. Сондай-ақ ұйқының сапасы да маңызды. Егер күнде әртүрлі уақытта жатсаңыз, түн ортасында ояна берсеңіз немесе бір апта бойы жөнді ұйықтамай, ал демалыс күндері бас көтерместен ұйықтасаңыз, иммунитетке зиян келтіресіз. Ағзаны ұйықтауға дайындау маңызды: ұйықтар алдында ауыр тамақ жемеңіз, гаджеттер ұстамаңыз және белсенді спортпен айналыспаңыз.

Тазалық сақтау

Үйді ылғал тазалаңыз, ауаны ылғалдандырыңыз және үйді жиі желдетіп алыңыз. Көктемде тұмау маусымы басталады. Сондықтан сырттан келгенде қолды жақсылап жууды ұмытпаңыз және бұл әдетті бала бойына да сіңіру керек.

А. Жапатова