"Ерініп жатырмын": Еріну мен шаршауды қалай ажыратуға болады?

"Ерініп жатырмын": Еріну мен шаршауды қалай ажыратуға болады?
Фото: freepik.com

Шаршау физикалық немесе эмоционалдық күйде анықталады: сізде бірдеңе жасауға деген құштарлық болуы мүмкін, дегенмен оған күш жоқ. Жалқау болған кезде, әдетте, іс-әрекетке деген ұмтылыс болмайды, бірақ күш те, мүмкіндік те болады. 

Еріну жаман әдет пе?
Ерінуді бала кезден жаман дағдыға жатықызып, оны айықпайтын "ауру" түріне балайды. Дегенмен, қазір еріну созылмалы шаршаудың бір белгісі саналады. Мысалы, күнде өзіне ұнамайтын іспен айналысу ең соңында эмоционалды қажуға алып келеді. Бойыңызда күш бар, бірақ мотивация жеткіліксіз. Сол себепті бойдағы қуаттың орнын толтырмай, текке жұмсайсыз. Бұндай жағдайда еріну ағзаны артық күш жұмсаудан қорғайтын қорғаныш механизмі. Егер адамның денсаулығы жақсы, артық жұмыс істемей бірақ, жиі ерінсе демек көбіне ол өзіне жақпайтын іспен айналысады. 

Еріну кейде пайдалы
Неміс дәрігерлері Петер мен Микаэла Акст ("Ерін және ұзақ жаса" кітабының авторлары) —  аутогендік еріншектік ағзаның қалпына келу бағдарламасы екенін айтады. "Біз демалып жатқанда, — дейді олар, — дене жоғары жылдамдықта жұмыс істеуге мәжбүр ететін симпатикалық жүйке жүйесінен, парасимпатикалық жүйеге ауысады. Бұл жағдайда импульс пен тыныс алу қалыпқа келеді, тыныс алу тереңдейді, қысым қалпына келеді".

"Ұйқымнан жаңа ғана тұрдым, бірақ шаршап тұрмын"
Мұндай жағдай сізге таныс па? Әрдайым ұйқы келу және әлсіздік созылмалы шаршауды көрсетуі мүмкін. Бұл синдромды алғаш рет өткен ғасырдың 80-ші жылдарында америкалық дәрігерлер сипаттаған. Зерттеушілер созылмалы шаршау мен апатияға шағымданған науқастар ірі қалаларда тұрып, көп жұмыс істейтінін анықтаған. Бұндай жағдайды демалу керек. Сонда ғана жағдай өзгеруі мүмкін.

Т. Есқали