Жаңа тренд — шегеде тұру: Оның шынымен пайдасы бар ма?

Жаңа тренд — шегеде тұру: Оның шынымен пайдасы бар ма?
Фото: rsport.ria.ru

Қарбалас заманауи өмірде медитация жасауды үйреніп жүрген немесе йогаға барып жүрген адамдар көп. Сондай-ақ көпшілік босаңсуға және энергиясын қалпына келтіруге көмектесетін тәжірибелерге көбірек мән беруде. Солардың бірі — Садху тақтайына немесе шегеде тұру.

Садху тақтайымен тәжірибе йоганың басқа да тәжірибелері секілді бізге Үндістаннан келді. «Садху» сөзі «әулие адам» деп аударылады. Ал Садху тақтайы ағаш тақтайға шегелерді ұштарын жоғары қаратып қағып қойғандай көрінеді. Бұл тақтайға тұруға, отыруға және жатуға болады.

Ол қалай жұмыс істейді?

Садху тақтасының жұмысы қарапайым физикаға негізделген. Шегелер бір-біріне жақын орналасқан кезде дене салмағы біркелкі бөлінеді. Сондықтан әр шегеге түскен қысым аса білінбейді. Осылайша, шегелер табанды теспейді және теріні зақымдамайды. Мұндай тақтайға тұрғанда бастапқы кезде жағымсыз болуы мүмкін, бірақ ол қатты ауыртпайды. Егер қауіпсіздік ережесін сақтасаңыз және бұл тәжірибені жүйелі түрде орындасаңыз, уақыт өте жағымсыз сезімге де үйреніп кетесіз.

Ол не үшін керек?

Біздің табанымызда шамамен 70 мың жүйке ұштары орналасқаны белгілі. Оларды ынталандыру арқылы ағзаға физикалық та, энергетикалық та деңгейде әсер етуге болады.

Шегеге тұрудың пайдасы

Шегеге тұру ағзадағы сауықтырушы, тазартушы және қалыпқа келтіруші процестерді іске қосады. Шегеде тұру адамның ішкі энергиясын белсендіреді, сергектік пен күш келуін сезуге көмектеседі. Бұл тәжірибе артериялық қысымды ретке келтіруге, бұлшықеттерді босаңсытуға және денедегі қысылуларды кетіруге көмектеседі.

Шегеде аз уақыт тұрудың өзі қайта ретке келуге, жұмыс процесіне жаңа күшпен келу үшін уайымнан бірнеше минутқа арылуға көмектеседі. Осылайша, ол өнімділікті арттырады. Сондықтан оны көбіне кеңсе қызметкерлері жақсы көреді.

Бұл техника эмоционалды жағдайға жағымды әсер етеді: күйзелістен арылтады, мазасыздықпен күресуге көмектеседі және көңіл күйді көтереді. Сондай-ақ ол қорқынышпен және жағымсыз эмоциялармен күресуге көмектеседі. Ол шыдамдылыққа үйретеді.


ru.freepik.com

Шегеде қалай дұрыс тұру керек?

1. Бастысы — дұрыс көзқарас. Егер оған мәжбүр немесе еш пайдасыз нәрсеге секілді қарасаңыз, ешқандай да тәжірибенің пайдасы болмайды. Техниканы орындауға кіріспес бұрын оны не үшін жасағыңыз келетіні жайлы нақты түсінік қалыптастырыңыз.
2. Шегеде тұру — медитациялық процесс. Ал бұл ойыңызды толықтай тазарту керегін білдіреді. Оңай болу үшін тыныс алуға және ішкі сезімдеріңізге мән беруге тырысыңыз.
3. Алғашқы сеанстар үшін бастаушыларға арналған тақтай алған жөн: онда шегелер бір-біріне өте жақын орналасқан, яғни, жағымсыз сезімі аз болады. Қасыңызда тәжірибелі жаттықтырушы болса, тіптен, жақсы.
4. Бірінші рет тақтайға тұрғанда оған біреудің көмегімен шыққан дұрыс. Сол кезде біруақытта екі аяғыңызбен де шыға аласыз. Сіз тепе-теңдік сақатағанша біреу қолыңыздан ұстасын.
5. Алғашқы кездері қиын болуы мүмкін, бірақ уақыт өте медитациялық жағдайға ене аласыз.
6. Шегеде бір сағат тұруым керек деген секілді мақсат болмауы керек. 30 секундтан немесе 1 минуттан бастаңыз. Денеңіз бен санаңыз тәжірибеге үйренгенін байқаған кезде процедура ұзақтығы мен жиілігін жаймендеп арттырасыз.

Шегеде тұруға қарсы көрсетілім

Йоганың басқа түрлеріндегідей секілді шегеде тұруда да қарсы көрсетілім бар. Оларға жүктілік, онкологиялық аурулар, температура, эпилепсия, гипертония (жоғары қан қысымы), жүрек проблемалары және табандағы ашық жаралар жатады. Сондай-ақ денсаулыққа сапасыз тақтай зиян келтіруі мүмкін.

А. Жапатова