Зерттеу: Әкесі 40 жастан асқанда туған бала ұзақ өмір сүреді

Зерттеу: Әкесі 40 жастан асқанда туған бала ұзақ өмір сүреді
Фото: mdoydetsad3.ru

Ересек, егде жастағы ер азаматтан туған бала жас әкенің баласына қарағанда ұзағырақ өмір сүреді әрі тіршілік етуге бейім болады. Мұны айтқан – АҚШ-тың Солтүстік-Шығыс Университетінің мамандары. Ғалымдар ересек жас деп бұл жерде 40 жастағы, яғни ел ағасы атанған әкелерді айтып отыр.  

Олардың айтуынша, ер азаматтың ұрығының (сперма) құрамы әр жаста әртүрлі болатын көрінеді. Ер азамат есейген сайын, жас келе ұрықтағы ДНК коды өзгеріп, ұрпақтың өміршеңдік қасиетін арттыратын қабілет пайда болады екен.  Ғалымдар 20-50 жастағы әкелерден туған 1779 баланың ДНК-сын тексеріп барып осындай тұжырымға келген.

Мамандардың зерттеу материалы PNAS (Proceedings of the National Academy of Sciences) журналында жарияланған.

Адамның өмір-жасы оның ДНК-сына тікелей байланысты. Яғни, хромосоманың ұшында теломер атты ұзын талшық болады. Теломер хромосоманы бүлінуден сақтайды. Егер теломер қысқа болса, адамның өмірі де қысқа. Ұзын болса – ұзақ жасайды.

Адам есейген, қартайған сайын теломер де қысқара береді. Бірақ ер адамның ұрығындағы (сперма) теломер керісінше ұзаратын көрінеді.

Ер азамат жатырға ұрық жіберу арқылы өзінің ДНК-сын да жіберетіні белгілі. Осы ДНК-дан туған баланың хромосома жасушалары мықты келеді.

"Егер баланың атасы да егде жаста әке атанған болса, онда тіпті жақсы. Немеренің ДНК-сы бұлардан мықты болып шығады", - дейді доктор Дэн Эйзенберг.

Ғалымдар тұжырымды жетілдіру үшін әлі де зерттеу қажет екенін айтады.

"Ендігі сұрақ мынау. Адамның өмір-жасы жатырға түскен ұрықтың теломер ұзындығына байланысты ма әлде туылған баланың теломерінің тез қысқаруына байланысты ма – осы сауалдың жауабын анықтау қажет", - дейді Ньюкасл университетінің маманы, профессор Томас фон Зглиницкий.

Айта кеткен жөн, теломердің тез "желінуі", "қысқаруы" адамның өмір сүру әдетіне де тікелей байланысты. Егер фаст-фуд, басқа зиянды тағамдарды жиі жейтін адамның теломері тез қысқарады. Содан адамның өмірі қысқаруы мүмкін.

Қ. Слямбек