Суық суға шомылу пайдалы ма?

Суық суға шомылу пайдалы ма?
Фото: tabulo.ru

Таңертең ерте тұрып жуыну көптің әдетіне айналды. Ұйқыдан оянған ағзаның тез қалыпқа келуіне, сергуіне көмектеседі деген ойда. Ал кейбірі суық суға шомылуды жөн көреді. Суық суға шомылған адам ауырмайды, сырқамайды деген ел арасында сенім де кең тараған. Соған сеніп қыста суық суға шомылуды әдет қылғандар да бар.

Бірақ суық суға шомылу шынымен де ағзаға пайдалы ма? Әлде салқын суға түсемін деп суықтап қалуымыз мүмкін бе? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.

Суық суға шомылу, шомылдыру туралы алғашқы медициналық деректер ХІХ ғасырда жазылған еңбектерде кездеседі. Адамзат бұл әдетті ерте бастаған да болуы мүмкін. Бірақ бізге жеткен дерек – осы. Аталмыш еңбектерде суық судың адамға пайдасы, медициналық ем-шара ретінде қолданылуы жайлы ештеңе айтылмаған. Тек түрмеде не шипажайда жатқан адамдарды шомылдырғаны айтылады. Әсіресе, түрмеде жатқандарды қорқыту мен мәжбүрлеу үшін суық суды пайдаланған. Соған қарағанда ол кезеңнің дәрігерлері суық суды пайдалы процедура, психологиялық және физикалық денсаулықты жақсартушы ем ретінде қабылдамаған.

Қазіргі таңда суық суға түсудің пайдалы не зиянды екенін анықтаған кешенді медициналық зерттеулер жоқ. Бірақ біршама салыстырмалы зерттеулер баршылық. Мәселен, 2015 жылы Нидерланд ғалымдары суық душқа жуынуды әдетке айналдырғандар мен ыстық душты жөн көретіндердің "денсаулығын" салыстырып көрген. Сонда суық суға "түскіштерде" денсаулығына байланысты еңбек демалысын алу фактісі өзгелерге қарағанда аз болған.

Зерттеушілер 3000 адамды тәжірибеге алып, оларды төрт топқа бөлген. Бірінші топ күніне 30 секунд суық суға түссе, екіншісі 60 секунд, ал үшіншісі 90 секунд түскен. Төртінші топ ыстық душқа түскен екен. Тәжірибе бір айға жалғасқан.

Ғалымдар қатысушылардың денсаулығын 3 ай бойы бақылаған. Бұл аралықта суық суға түскендердің денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысын алу фактісі 29 пайыз азайған. Алайда зерттеушілер бұған нақты ненің әсер еткенін – жалпы суық суға түсудің өзі ме әлде оның ұзақтығы ма – осы жағын анықтай алмады.

Суық суға шомылудың аурушаңдықты неге азайтатыны әлі белгісіз. Кейбір зерттеушілер адамның иммунды жүйесін жақсартуа әсер етеді, тиімділігі содан болуы мүмкін дегенді алға тартады.

Қ. Слямбек