Шай ләззаты: жасмин

Шай ләззаты: жасмин
Фото: zesttea.com

Күзгі көңіл күй құбылмалы келеді. Бұл уақытта сары жапырақтар мен күзгі жауынға куә боп жүреміз. Көңіл күй күзгі хандраға батқан кезде жылы шайға оранып, сүйікті фильмді көргенге не жетсін?! Бар уайым мен күйзелісті басу үшін жасмин шайы жақсы көмектеседі.

Хош иісті жасмин шайының берер ләззаты мен пайдасы көп. Тек дүкен сөресінен сапалысын, табиғи түрін таңдаған жөн. Мәселен, қытай шайында (жасмин) гүлдің табиғи түйнегі болады. Оны шай жапырақтарымен араластырып, белгілі бір уақытқа қалдырып қояды, себебі жапырақтар гүлдің иісін өзіне сіңіру қажет. Кейін гүл түйнектерін алып тастайды не ішінде қалдырады. 

Классикалық түрі – жасмин көк шайы. Бұл түрін дайындау үшін гүлдің қара (қызыл) сорты мен ақ түрін (аздап) хош иістендіреді. Пуэр жасминді Аспан асты елінде шайды дайындау кезінде емес, шай ішер кезде кесеге не шайнекке салады. Бұл үрдіс кеңінен таралған. 

Неге жасминді шайға қосады?

Жасминді шайдың құпиясы – иісі мен ерекше дәмінде. Тек дәміндегі ерекшелігі емес, құрамындағы пайдалы құрамын ескеру керек. Алғаш рет жасмин шайын ішпес бұрын оның пайдасы мен зиянын біліп алған дұрыс. 

Жасмин қосылған шай суық күнде жылытып қана қоймай, жабырқаңқы көңіл күйді көтереді. Антидепрессанттық күші бар бір шыны жасмин шайын күніне 1 рет ішсеңіз, уайымыңыз сейіліп, ойлаған жұмысыңызға зейініңіз бен фокусыңызды оятады.

Пайдасы қандай?

Сонымен қатар, ол иммунитетті арттыратын дәрумендерге, ағзаны әлдендіретін микроэлементтерге бай. Жасмин гүлінің өзі залалсыздандыратын әрі ауырсынуды басатын "қабілеті" бар.  Ағзаға жетіспейтін А және Е дәрумендерінің орнын толтырады, құрамында аскорбин және амин қышқылы, эфир майы бар. Адамға физикалық әрі психикалық жүйесіне оң әсерін береді. Күз кезінде туындайтын жұқпалы аурулардан қорғайды, ауырған кезде тез сауығуға көмектеседі. Өкпе пен бронхты тазалайды. 

Сапалы әрі табиғи жасмин шайы теріні жасартады. Ағзадағы жасушалардың қартаюын тежейді, бет терісін сергітеді, әжімдерді қалыпқа келтіреді. 

Амин қышқылы мен эфир майының көптігі қантамырлардың жұмысын реттейді, қан ұюдың алдын алады, қан қысымын бір қалыпта ұстап, жүрек жұмысын жақсартады. Жұмысқа деген қабілеттілікті арттырып, тез шаршауды, күйзелісті тежейді, жадты жақсартады.

Ас қорытуды қалыпқа келтіреді әрі арықтауда жақсы әсер етеді, егер тартымды дене бітімін қаласаңыз, жасмин шайын күнделікті ішуді дағдыға айналдырыңыз, лимон суы секілді, тәбетті "бұзып" артық салмақ қосудың алдын алады.

Зияны ше?

Жасмин шайын ішуге болмайтын жағдайларды ескерген жөн. Мәселен, кей адамдарда аллергия туындауы мүмкін. Асқазанында жарасы бар, гастриті бар жандарға ішуге болмайды. Гипертониясы (қан қысымының жоғары болуы) барлар дәрігермен кеңесуі тиіс.

Алкоголь мен жасмин шайын араластырмаған дұрыс. Жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Жүкті не емізетін аналарға жасмин шайын ішуге болмайды, себебі құрамында кофеин бар.

Г. Берік