Қазақстандық ғалымдар жара мен күйген денені емдеуге арналған препарат ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар жара мен күйген денені емдеуге арналған препарат ойлап тапты

Білім және ғылым министрлігі Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары әр түрлі терең жаралар мен күйген денені емдеуге арналған бірнеше инновациялық құрал мен препарат ойлап тапты.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олардың бірі – X-Graft биологиялық жабыны.

Препарат клиникалық сынақтардан өткен және жақын арада Қазақстанда тіркеледі. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл биологиялық материалды қолдану науқастарды ауруханаға жатқызу мерзімін қысқартып, жаралар мен күйген дененің жазылуын едәуір тездетеді.

"Орталық ғалымдары жасаған X-Graft биологиялық жабыны тіндік инженерияның заманауи технологияларын қолдана отырып коллаген мен эластин талшықтарынан жасалған. Бұл таңғыш үлкен, терең жараларды емдеуге арналған. Оны қолдану ыңғайлы, жараның бетіне жабыспайды. Емдік қасиеті бойынша биологиялық жабын шетелдік аналогтардан кем түспейді", - деді Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.

Сондай -ақ, Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары үлкен, терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған "Фиброспрей" жасушалық препаратын жасады.

"Аэрозоль – адам тері жасушаларының (фибробласттардың) суспензиясы және жараның жазылу жылдамдығын екі есе арттырады.Сонымен қатар, клиникалық тәжірибеде препарат тері трансплантациясының жазылуын жеделдету үшін қолданылады", - деп хабарлады департаменттен.

Тағы бір препарат – Биокомпозит жасушалы гидрогельдің клиникаға дейінгі зерттеулерінің нәтижелері жоғары тиімділікті көрсеткені хабарланды. Гидрогель құрамына кіретін бағаналы жасушалар сүйек немесе шеміршек тіндерінің регенерациясын тездетеді. Арнайы технологияның арқасында препарат отадан кейін үш-алты ай ішінде зақымдалған сүйек пен шеміршек тінін қалпына келтіреді.

Т. Раушанұлы