Қазақстанда вакцинация бойынша тексеріс қашан басталады?

Қазақстанда вакцинация бойынша тексеріс қашан басталады?

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда ұйымдар қызметкерлерінің екпе статусын тексеру қашан басталатынын мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ведомство Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы" бірлескен бұйрыққа өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғанын еске салды.

Жаңа пункттер арнайы бақылау парақтарына енгізіледі. Вакцинация төлқұжаты болмауы, кейінгі 7 күнде ПТР-тесті болмауы немесе вакцинациядан босатылғаны туралы медициналық анықтама болмауы өрескел заңбұзушылыққа жатқызылады.

"Бірлескен бұйрық бекітілгеннен кейін ұйым қызметкерлеріне қатысты тексерулер жүргізіледі. Бұған дейін Кәсіпкерлік кодекстің 143-бабы 3-тармағына сәйкес тексеру жүргізуге негіз болмағандықтан, тексерулер жүргізілмеген", - деді комитеттегілер.
 
Бірлескен бұйрықтың жобасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен үкіметтік емес ұйымдардың қарауына және келісіміне жіберілді.

Құжат "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Қоғамдық талқылау 20 қазанға дейін жалғасады.

Кәсіпкерлер палатасы бұған дейін заң жобасын қабылдау азаматтардың вакцинациялауға еркін жоққа шығарады, сонымен қатар кәсіпкерлерге айыппұл салынады деп алаңдаушылық білдірген. Олардың айтуынша, құжат санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына меншік нысанына, қызмет түрі мен кәсіп санатына қарамастан кез келген жұмыс берушіге Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша айыппұлдар салуға құқық береді.

Ережеге сәйкес жұмысшылар вакцина салдыруы немесе вакцинациядан босатылғаны туралы медициналық анықтама алуы керек. Вакцина салдырмаған қызметкерлер апта сайын ПТР ақылы тексеруден өтуі қажет. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, жұмысшылардың өздері немесе олардың жұмыс берушілері ПТР-сынақтарға ақы төлеуге мәжбүр болады.