Ақыл тіс адамға керек пе?

Ақыл тіс біреуде бар, біреуде жоқ. Біреуге кеш шығады, біреуге ерте. Ғалымдардың есебінше, жер жүзіндегі адамдардың жартысында ғана ақыл тіс бар екен. Нақтырақ айтсақ, 53 пайызында ғана. Сонда ақыл тісі жоқ адамдардың күні не болмақ?

Осындайда "ақыл тіс біреуге шығып, біреуге шықпайды екен, онда не керек?" деген заңды сұрақ туады.

Ғалымдардың айтуынша, бірер ғасырдан кейінгі адамзаттың эволюциясында мүлде ақыл тіс болмауы мүмкін. Яғни, ақыл тістің қазірдің өзінде адамзаттың жартысында жоқ деп алсақ, уақыт өте келе бүкіл адамзатта болмайтын күн келеді.

Тістің қызметі

Ауыз қуысындағы әрбір тістің өз қызметі бар. Алдыңғы күрек тістер тағамды жұлып жеуге арналған. Ал азу тіс жұлынған тамақты шайнап езеді. Ақыл тіс осы азу тіске жатады. Бірақ ортаңғы азу тістерге қарағанда кеш шығатындықтан, бұған ақыл тіс деп бөлек атау берілген. Әдетте, ақыл тіс адамға ақыл кіргенде, жасы 18-ге толғаннан кейін шығады.

Ақыл тістің орны мен тамыры сәби дүниеге келгенде-ақ бірге пайда болады. Адамзаттың ежелгі ата-бабасы аңшылықпен айналысып, ет пен жемісті қатты күйде жегендіктен, оған мықты тіс пен кең ауыз керек еді. Азу тіс  мен ақыл тіс – ең керек тіс саналды.

Ал қазіргі адамзат тағамды пісіріп, дайындап жұмсақ күйде жейді. Оған аса күш пен мықтылық та қажет емес. Содан адамзаттың ауыз қуысы эволюцияға түсіп, кішірейіп, артқы тіске орын қалмады. Ақыл тістің кей адамда шықпауы да содан. Ал кейбірінде "адамзаттың геніне тән құбылыс" болғандықтан, шыққаннан басқа амал жоқ!

Ақыл тіс жай шықпайды. Адамды ауыртып, жақ-сүйегін қақсатып шығады. Мұндайда тіс дәрігеріне қаралған абзал. Ең бастысы – азу тіс аман болса болғаны.