"Тауықтан" басталған дәруменнің тарихы

"Тауықтан" басталған дәруменнің тарихы
Фото: envato.com

Бразилияда діңгене (цинга) ауруы "әлсіз құлдар дерті" деп аталды. Өйткені ол уақытта бұл дерттен әскери қызметкерлер, алыс сапарға аттанушылар, абақтыда отырған қылмыскерлер мен қоршауға алынған аймақ тұрғындары зардап шеккен. Тарихшылардың болжамы бойынша географиялық ашылу дәуірінде діңгене дертінен миллионнан астам теңізші қайтыс болған. 

Академик Брюккенің қателігі
1747 жылы Шотландия дәрігері Джеймс Линд ауырып жатқан теңізшіге лимон шырынын берген. Осылайша цитрустардың емдік қасиеті анықталған. Джеймс Кук кемелерге қышқыл қырыққабат пен цитрус шырынын бірге алып шығуды бастады.  1795 жылдан бастап лимон мен лайм ағылшын теңізшілерінің күнделікті тамағына қосылатын ингредиент атанды.  

Бұл тек тәжірибе болатын. Ал адам тамақ рационында жеміс-жидектің болуы керек деген тұжырымға ғылыми дерек жоқ еді. Діңгене дертінің туындау себебі астан улану немесе тағам арқылы ағзаға түсетін инфекцияға байланысты деген болатын. Атақты неміс ғалымы Эрнст Вильгельм фон Брюкке (1819–1892) өз кітабында: "...жеміс-жидектің біздің ағзамызға пайдасын анық көрсету мүмкін емес, оған дәлел де жоқ", — деп жазған. Соның ішінде көкөністердің ағзаға пайдасы аз екенін алға тартқан.  

"Әдемі" күріш
Дәрумендердің ашылу жолы әрі қарай жалғасын табады. Ява аралындағы түрме емханасында қызмет істейтін голландиялық дәрігер Христиан Эйкман бір күні ауладағы тауықтар тұра қалып, мойынын икемсіз, әрлі-берлі қозғайтынын көзі шалады. Бұл түрмеде отырғандардың басым бөлігі ауыратын "бери-бери" дертінің белгісі еді. 

Дәрігер мәселе түрмедегілерге де, тауықтарға да берілетін қайнатылған ақ күріште екенін түсінеді. Ақ күрішті сыртқы қабатынан тазартса, күріш "әдемірек" бола түседі. Сонымен бірге жақсы сатылады. Эйкман өзге түрмелерде күрішті тазартпастан қайнататынын біледі. Олардың қатарына «бери-бериден» зардап шеккен адам болмаған.  

Бұл 1889 жыл болатын. Бактериология дәуірі жүріп жатты. Дәрігерлер "бери-бери" жұқпалы ауру болуы мүмкін деп топшылап, оның себебін бактериялардан іздей бастады. Ғалымдар үшін ас қорыту, тағам мен адам ағзасының байланысы толықтай зерттелгендей көрінетін. Олардың пайымдауында ағза тек ақуыз, май, көмірсу мен минералды тұздардан тұратын. Одан артық не керек болуы мүмкін? Аурудың туындауына рационда белгілі бір "көрінбейтін" бөлшектің, соның ішінде күріштің сыртқы қабатында болатын элементтің керек екенін болжау тек ғалымдардың күлкісін келтірді. Сонымен бұл оқиға тағы да елеусіз қалды.

Лондондық көгершіндер
"Тауықтар" оқиғасына енді поляк Казимир Функ араласады. Эйкманның мақаласына бірнеше жыл бойына өзі бетімен тәжірибе жүргізеді.  Араға он жыл салып "бери-бери" ауруын емдейтін затты ойлап тапты. Ол күріштің сыртқы жұқа қабатын зерттей отырып, кристалды зат жасап шығады. Оның кішкентай ғана мөлшері денсаулықты жақсартып, өлім аузындағы құстардың өзіне қуат беретінін аңғарады. Функ аталған затқа vita (өмір) сөзінен шыққан витамин атауын береді. Бұл алғаш ашылған дәрумен — В1, тиамин еді.

Ғалымдар өз көзіне өзі сенбеді: күріштің сыртқы қабатынан алынған тым аз мөлшердегі (0,001 г) зат ағзаны қалыпты күйінде сақтап, ауыр дерттен қорғайтыны таңғалдырмай қоймады. 

Осылайша дәрумендер туралы ғылымға жол ашылды. 1929  жылы Христиан Эйкман "Дәрумендерді ашқаны үшін" Нобель сыйлығын алды.  Өкінішке орай, Функке ешнәрсе бұйырмады. 

Т. Есқали