А.Н. Сызғанов ат. ҰҒХО-да ресейлік  маманның қатысуымен шеберлік сабағы өтті

А.Н. Сызғанов ат. ҰҒХО-да ресейлік маманның қатысуымен шеберлік сабағы өтті

А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының интервенциялық кардиология және аритмология бөлімшесінде "Эндокардиальды электродтарды механикалық құралдар арқылы экстракциялау" тақырыбында шеберлік сабағы өтті.

Қазақстанда кейінгі бірнеше он жылдықта имплантацияланатын жүрек құрылғыларының саны жыл санап артып келеді. Имплантациялар санының көбеюіне қарай, құрылғылар мен электродтарды алып тастау қажеттілігі де өсіп отыр. Осыған дейін эндокардиальды электродтарды алып тастау қарапайым тракция әдісі арқылы жүзеге асырылды, сондай-ақ бұл әдіс бүгінгі таңда да қолданыста. Дегенмен электродтар ағзада ұзақ уақыт бойы болған жағдайда (олар жүрек пен қантамырлардың қабырғаларына тұтасып кетеді) тракция әдісін пайдалану мүмкін емес. Мұндай жағдайда жүрек және қантамырлар перфорациясы сияқты күрделі асқынулар туындауы мүмкін.

Кейінгі жылдары операциялық қауіп-қатерлер мен асқынуларды азайтуға мүмкіндік беретін ротациялық және тракциялық механизмдері бар жаңа технологиялар пайда болды.

Шеберлік сабақтарының аясында шұғыл экстракцияны қажет ететін үш науқасқа электродтарды алып тастау бойынша ота жасалды.

Отаға Ресей, Нижний Новгород қаласынан арнайы шақырылған проктор Сергей Артемьевич Айвазьян қатысты. С.А. Айвазьян – жылына 400-ден астам осындай оталарды орындайтын дәрігер, электродтарды экстракциялау жөніндегі жетекші маман.

Оталардың барлығы асқынуларсыз, сәтті өтті. Жоспарланған барлық электродтар алып тасталды, электродтарды механикалық экстракциялау үшін Spectranetics компаниясының ротациялық құрылғылары пайдаланылды. Науқастар ауруханадан шығуға дайындалуда.

А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның интервенциялық кардиология және аритмология бөлімшесінде аритмологиялық оталардың барлық түрлері жасалады (жылына 1000-нан астам ота). Бөлімше – Қазақстандағы жетекші аритмологиялық орталықтардың бірі.




ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар