Қазақстанда коронавирустан жаппай вакцинациялау науқаны басталды

Қазақстанда коронавирустан жаппай вакцинациялау науқаны басталды
Фото: regnum.ru

Бүгін 1 ақпаннан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда "Спутник V" екпесімен еркіті түрде вакцинациялау науқаны басталды.

Қарағандыдағы фармацевтика кешенінде "Спутник V" вакцинасының 112 дозасын дайындайды. Ал жаздың алғашқы күніне дейін 750 мың доза вакцина әзірленбек.

Жаппай вакцинациялау науқанында, бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары - медицина қызметкерлері, жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, басқа да бейіндердің қызметкерлері екпе салдырады. Наурызда педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері, сәуірде студенттер, ал мамырда қалған контингент вакцина көлемінің жеткіліктілігіне қарай вакцинациядан өтеді.

Халықты жаппай вакцинациялаудың маңызы жайлы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Манар Смағұл Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтқан еді. Маман халықты жаппай иммундаудың арқасында бір кездері шешек, қызылша ауруын жеңіп, полиомиелиттен арылуға мүмкіндік туғанын еске салды. Сонымен қатар, сарапшы көптеген елде жүргізіліп жатқан коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация бүкіл әлемді пандемиядан босатады деген үміт білдірді.

"Бүгінде мемлекеттер жан-жақты зерттеп жатқан вакциналар еркін өмір сүруге мүмкіндік беруі керек. Вакцинацияның арқасында SARS-CoV-2 вирусының таралуы тоқтайды деп үміттенемін.

Вакциналар қаншалықты тез әзірленсе де, олардың қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптар өзгермейді. Ол барлық талаптарға және барлық деңгейлерге сәйкес келуі керек. Егер вакцина өндіріс сатысында тексеріліп, жаппай өндіріске енсе, оның барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретініне сенімді бола аласыз", - деді Манар Смағұл.

А. Рысдәулет