Неліктен көздің түсі әркелкі?

Неліктен көздің түсі әркелкі?

Көз – адамның айнасы. Қазақ халқы адамның жан дүниесі мен мінез құлқын  көзіне қарап-ақ тани қоятын болған. 

Ғылыми тұрғыдан алып қарасақ, көздің түсі меланин пигментінің түрі мен тығыздығына байланысты. Табиғатта пигменттің эумеланин және феомеланин секілді екі түрі бар. Біріншісі көздің түсін қоңырқай етсе, екіншісі көзге ашық жасыл түс береді. Көгілдір көзді адамда эумеланин пигменті болады, ал оған сәл мөлшерде феомеланин қосылса жасыл түс шыға келеді. Қой көзде меланин басым болады. 

Жер шарының солтүстігінде тұратын халық ішінде көзі ашық түсті адам жиі кездеседі. Ал жылы аймақтарда терісі қараторы, көзі қоңыр адамның үлесі басым. АҚШ офтальмология академиясы зерттеу жүргізіп, Америка халқының 27% көк көзді екенін анықтаған. Ал көзінің түсі сұр адамдар тек 1% құрайды екен. Қызыл не күлгін көзді адам тіпті аз. 

Күлгін рең қызыл және көк түстің араласуынан пайда болады. Генетика тұрғысынан алып қарағанда, күлгін түс көк рең бар қызыл түс деп түсіндіріледі. Ал қызыл түсті көзде меланин мүлдем болмайды екен. Қан тамырларының арқасында көз қызыл боп көрінеді. 

Бұған дейін көздің түсі ата-ананың геніне байланысты деп есептелген. Алайда соңғы зерттеулерге сенсек, көздің құрылымы біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Көздің түсі түзілерде 16 ген ат салысады. Жақында ғалымдар зерттеу жүргізіп, көздің түсін құруда тандемде жұмыс істейтін гендердің әсер ететінін анықтаған. 

Көз түсінің қандай болатынын анықтауда OCA2 және HERC2 гендері негізгі рөл атқарады. OCA2 құрамындағы мутациялардың әсерінен меланиннің мөлшері өзгеріп отырады. Ал HERC2 қанша ақуыз керек екенін анықтайды. 


Болашақ баланың көз түсін болжауға болатын кесте

Сирек кездесетін түс

Бастапқы кезде тумысында мұндай адамдардың көзінің түсі сұр немесе көк түсті болып келеді. Кейін жарты жылға жуық уақыт өткенде күлгіндене бастайды. Аталған процесс алты айға созылып, тұнық күлгін немесе көк күлгін түстің бірі болып аяқталады. Бұның бәрі екі геннің қатар келіп қалғанынан бола-тұғын құбылыс.

Екінші қатардағы сирек кездесетін көз түсі – қызыл түс. Ондай адам альбинос (туғанынан терісі мен шашында дақ болады) болып саналады. Оның көзінің  ішінде меланин болмағандықтан, көзі қызыл түсті болып келеді. 

Одан кейінгі қатарда көздің кәріптас түсі мен анық қара түсі өмірде сирек кездеседі... Ал ең сирек кездесетін көздің түсі – жасыл түс. Анығында, жер бетіндегі адам баласының 2 пайызында ғана жасыл түсті көз ұшырасады. Оның өзінде де Солтүстік Еуропа жұртшылығында ғана бар. Меланиннің аз ғана мөлшерін қабылдайтын болғандықтан, нәтижесінде адам көзі жасыл түсті болады.

А. Рысдәулет