Спермограмма. Ұрық сапасы мен белсенділігін қалай білуге болады?

Қазір ер адамның денсаулығына зиян келтіретін факторлар көп. Дұрыс тамақтанбау, ішіп-жемге мән бермеу, экологияның нашарлауы, күнделікті стресс, спортқа бармау – мұның бәрі тығырыққа тірейді. Ер адам денсаулығының тағы бір көрсеткіші – ұрығы. Тестостероны мықты еркектің ұрығы да мықты. Ал оны анықтайтын – спермограмма.

Оған қалай дайындалу керек, ұрықтың қуатты болуына не әсер етеді? Осы жайды қарастырайық.

Спермограмма деген не?

Спермограмма дегеніміз – ер адамның ұрық белсенділігін зертханалық құралдармен анықтау тәсілі. Яғни ер адам шәуетін алып, аналық жасушаны қаншалықты ұрықтандыра алатынын тексеру.

Ғылымда ұрықты зерттеу мен оны тануға деген ұмтылыс XVII ғасырда басталған. Сол заманда ер адамның ұрығы, оның шапшаңдығы мен қуат-күші әркімде әртүрлі екені белгілі болды. Ал кейбірінде мүлдем ұрық болмайтыны анықталды. Шәуеттің саны мен көлеміне алғаш рет ХХ ғасырдың 30-жылдары зерттеу жасалған. Спермограмма тапсыру сол кезден басталды. 

Ал қазір спермограмма ер адамның ұрығын тексеру мен хал-жайын анықтаудың, диагноз қоюдың ең тиімді тәсіліне айналған. Дәрігерлер осының нәтижесіне қарап, ұрықтың сипатын, урологиялық аурудың бар-жоғын анықтайды. Белсіздік болу-болмауын да осыған қарап біледі.

Ұрықтың сапасыз, белсенділігі төмен болуына не әсер етеді?

Ұрық – өте сезімтал. Ол ер адамның тамақтануы мен жалпы денсаулығына, істейтін жұмысы мен өмір салтына, экологиялық және биологиялық жағдайға тікелей байланысты.  Дұрыс тамақ ішпеген, сау ас-ауқат тұтынбаған адамның ұрығы да әлсіз болады. Сондықтан пайдалы, құнарлы тамаққа баса мән берген жөн.

Ұрықты әлсіз ететін себеп көп. Бірақ олардың арасында ең жиі кездесетіні:

- Шылым, кальян шегу;

- Ішімдік, энергетикалық сусын ішу;

- Семіздік;

- Есірткі;

- Ыстық жерде жұмыс істеу;

- Жыныс мүшесінің маңын ыстыққа тосу (моншаға, ыстық суға түсу, көліктің пешін қосу);

- экология мен қоршаған орта (радиация, ауыр металл);

- химиялық заттар;

- аяқтан суық өту;

- күйзеліс.

Ұрықтың сапасы қалай анықталады?

Ұрықтың сапасы шәуеттің саны мен шапшаңдығына, түсі мен иісіне, тұтқыр не жұмсақтығына, шырышы мен сиреу уақытына қарай анықталады. Ұрықты сапалы не қалыпты деп танудың белгілі бір көрсеткіші бар. Мұндай көрсеткішті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасады. Бұл ұйымның нұсқаулығына сүйенсек, ер адамның 1,5 мл көлемдегі ұрық саны 40 миллионнан көп болуы тиіс. Ал тірі әрі белсенді шәуеттің үлесі 32 пайыздан, тірі ұрықтың көлемі 40 пайыздан, тіршілік кешуге бейім ұрық көлемі 58 пайыздан жоғары болуы керек.

Академик Бинеш Жарбосынов атындағы Ұлттық урология ғылыми орталығының маманы Әлімжан Қожамжаров: "бұл көрсеткіш – ұрықтың қалыпты мөлшері. Мұндай ер адамның ұрықтандыру қабілеті жоғары деген сөз. Ең бастысы ер адамның ұрығы тірі болса болғаны. Ұрығының небары 1-4%-ы ғана тірі ер адамның өзі ұрақтандыруға қабілетті. Сондықтан әлемде ұрықтандырудың арнаулы нұсқаулығы жоқ. Ал жалпы тексеріс кезінде ДСҰ-ның көрсеткішіне сүйенеміз", - деп түсіндірді.

Ал сау шәуіттің критерийлері мынадай: түсі – ақ-сұр, сұйылу уақыты – 10-60 минут, тұтқырлығы – 2 сантиметрге дейін, pH деңгейі – 7,2-8.


parasels.ru

Спермограмма тапсыру не үшін керек?

Сонымен спермограмманы тапсыру үшін де арнайы дайындық керек. Мұндай дайындықты үш кезеңге бөлуге болады.

Біріншіден, ер адам бірнеше күн жыныстық қатынасқа түспей, ұрықты сақтауы тиіс. Ең аз дегенде – үш күн. Болмаса, бір апта. Ішімдік, шылым шегу, дәрі-дәрмек ішуді қою керек. Моншаға түсуге де, жуынып-шайынуға да болмайды. Тіпті, автокөліктің пеші мен салқындатқышын да қоспау керек. Суықтап қалудан да сатқаныңыз.

Екіншіден, спермограмма тапсырар алдында жыныс мүшені жуып-шайып, тазалаған жөн. Сонда гигиеналық жағынан таза биоматериал тапсыруға болады.

Үшіншіден, ұрықты арнайы стерильді контейнерге құю қажет. Төгіп-шашуға болмайды. Өйткені ұрықтың саны спермограмманың талабына кіреді.

Спермограмма тапсыру бағасы қанша?

Спермограмманы ең дұрысы – зертханаға барып тапсыру. Үйде алынған ұрық жолда "өліп қалуы" мүмкін. Ал зертхананы таңдауға келгенде ұлттық, мемлекеттік, ғылыми институттар мен зертханаларға ден қойған дұрыс. Әсіресе, урология, андрология, белсіздікті емдеумен айналысатын орталықтарға жүгінген абзал.

Мұндай орталықтарда да баға әртүрлі. Алматы қаласында 10-20 мың теңге арасында. Ғылыми зерттеу орталықтары көбірек баға сұрайды. Талдау тапсыруға бөлек, урологтың кеңесіне бөлек төлейсіз. Сонда бас-аяғы 20-25 мың теңге көлемінде ақша қажет.

Спермограмманың нәтижесі әдетте бір күннен кейін дайын болады. Кей медициналық ұйымдар 4-5 сағаттың ішінде дайындап бере алады.  

Ұрықтың сапасы мен белсенділігін қалай арттыруға болады?

Ұрықтың сапасын жақсартудың жолдары жетерлік.

Ең бастысы – салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы тамақ жеу. Трансмай, тез дайындалатын тағам, тәтті, қанты көп тағамнан, жартылай фабрикаттан бас тартқан абзал. Тіпті, тағамға дәмдеуіш те қосуға болмайды. Мұның бәрі ағзада консерванттың көбеюіне әкеледі.

"Ер адамның бірден-бір жауы – қант. Ол тестостеронды азайтып, қан айналымын нашарлатады. Қанда қант көбейсе, адам диабетке шалдығады. Ал ұрығы жарамайтын ер адамның көбі – диабетке шалдыққандар", - дейді Әлімжан Қожамжаров.   

Ұрықты жақсаратын тағамдар:

- Жаңғақ (әсіресе, грек жаңғағы);

- Теңіз және балық өнімдері;

- Ет (гормон егілмеген ет болуы керек);

- Жұмыртқа;

- Сүт өнімдері;

- Жеміс-жидек;

- Көкөніс (сәбіз, орамжапырақ, брокколи);

- С дәрумені көп тағамдар;

"Ұрықты күшейтетін басты фактор – спорт. Әсіресе, ер адамға жүгіру, суда жүзудің пайдасы мол", - дейді уролог.

Ер адамға іш киімді барынша кеңінен таңдап кию керек. Тар киім киюге болмайды.

Тағы бір ескерер жайт – химиялық, улы заттардан алшақ жүру. Әсіресе, құрамында бисфенол-А заты бар нәрселерді көп ұстауға болмайды. Оған пластик пен пакет жатады. Мобильді смартфон да зиян.

"Ұрықты белсенді ететін арнайы дәрумендер бар. Оны дәрігерге қаралғаннан кейін жаздыруға болады", - дейді уролог Әлімжан Советжанұлы.