Коронавирустың емі жайлы не білеміз?

COVID-19 жай ғана өкпе ауруы емес, коронавирус пен иммундық жүйенің бұзылуынан туындайтын жүйелі ауру екендігі белгілі. Бүгінде коронавирус инфекциясының қалай өтетіндігі туралы не белгілі?

Жақында мен COVID-19 жайында Джонс Хопкинс, Вашингтон, Оксфорд және Стэнфорд университеттерінің халықаралық сарапшыларымен, сондай-ақ Жапония, Сингапур, Жаңа Зеландия, Швеция және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдарымен әңгімелескен болатынмын. Әрі қарай халықаралық сарапшылардың айтқанын жазайын.

Ауру ағзаға тыныс алу жолдары арқылы еніп, сол жерде көбейе бастаған сәттен басталады. Ол үшін коронавирус өз "тікенектерінің" көмегі арқылы ААФ-рецепторларына қосылуы керек, бұл рецепторлар қарт адамдарда және созылмалы аурулармен ауыратындарда көп кездеседі.

Инфекция жұқтырған сәттен COVID-19 белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт инкубациялық кезең деп аталады. Ол 2 күннен 14 күнге дейін созылуы мүмкін, бірақ көбіне 5 күн болады. Бұл кезеңде науқастарда ешқандай белгілер болмаса да, олар айналасындағыларға инфекцияны жұқтырады.

Дене қызуының көтерілуі, жөтел, әлсіздік, тамақтың және бұлшықеттердің ауырсынуы, иіс сезу қабілетінің жоғалуы секілді белгілер коронавируспен ауырған адамның ағзасынан айқын байқалады. Осы кезеңнен бастап вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді қолданған жөн. Олардың бірі – ремдесивир. Бұл вирусқа қарсы препарат жақында АҚШ-тың фармацевтикалық комитетінде мақұлданды. Сол сияқты моноклоналды антиденелердің "коктейлі" де тиімді болды. Бұл "коктейль" иммундық қорғанысты ауыстырады десек те болады.

COVID-19-ды жұқтырған адамдардың 80 пайызында ауру симптомсыз немесе жеңіл белгілермен өтеді. Олай болса да, олар инфекцияны басқа адамдарға жұқтыруы мүмкін.Сондықтан да белгілер болсын-болмасын ауру анықталған кезде науқас кем дегенде 10 тәулік бойы өзін-өзі оқшаулау қажет.

Коронавирус қан тамырлары арқылы қанмен қамтамасыз етілетін адамның кез-келген мүшесін жұқтыруға қабілетті. Ол өкпеден басқа жүрекке, бүйрекке, миға және ішекке зақым келтіреді. Дене қызуы мен жөтелден басқа кез келген белгілердің пайда болуы алаңдаушылық туғызуы керек.

COVID-19-дың даму механизмдерінің бірі – "цитокин дауылы" деп аталады. Иммундық қорғаныс жүйесі цитокиндер деп аталатын молекулалардың көп мөлшерін қалыптастыратындығымен байланысты. Олар ағзаға көп зақым келтіреді.

COVID-19-ды жұқтырған науқастардың бәрінде бірдей "цитокин дауылы" байқалмайды, бірақ ол дамыса, ол инфекция жұқтырғаннан 10 күн өткен соң білінеді. Ең үлкен қауіп тыныс алудың жетіспеушілігі, сол себепті кейде экстремалды шараларға барып, жасанды тыныс алу аппаратын қолдану қажет. Ондайға жол бермеу маңызды. Сондай-ақ жүрек бұлшықетінің, мидың, бүйректің, ұйқы безінің және басқа да көптеген мүшелердің қабынуы байқалады. Осылайша коронавирусқа ағзаның жауабы коронавирустың өзі сияқты жойқын болуы мүмкін. Яғни COVID-19 кезінде тек қана вируспен күресіп қана қоймай, оған ағзаның әрекетін де тежеу маңызды. Мысалы, дексаметазон гормоналды препараты қабынумен күресу үшін тиімді. Бұл препарат инфекция жұқтырғандардың өлім-жітімін үштен бірге азайтады, әсіресе қосымша оттегі қажет ететін науқастар арасында. Алайда дексаметазонды өте сақтықпен қолдану керек. Оны COVID-19-дың жеңіл түрлерінде қолдану дұрыс емес, себебі ол қауіпті асқынулар тудыруы мүмкін.

COVID-19-дың ауыр формасындағы науқастардың үштен бірінде "цитокин дауылы" қан тамырларының тонусының төмендеуін, олардың өтімділігін жоғарылауын, ісінуді және қанның қоюлануын тудырады. Мұның бәрі қауіпті тромбтардың пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін. Олармен күрсу үшін антикоагулянттар қолданылады. Антикоагулянттарды аз дозада ауруханадан шыққаннан кейін де қолдануға болады.

COVID-19- ды өткерген науқастардың көпшілігінде, мысалы, ентігу, тез шаршау, бас ауруы сияқты аурудың созылмалы белгілері сақталады. Бұлшықеттердің ауырсынуы да байқалады. Мұны ковидтен кейінгі синдром деп атайды.

Оның оғаштығы мынада, егер басқа инфекциялық аурулар кезінде тек екі жағдай болса (сіз науқастанасыз немесе сіз сауығып кетесіз), ал COVID-19-да үшінші жағдай байқалады. Науқаста белсенді вирус жоқ, бірақ ол әлі толық сауығып кетпеді де. Дәрігерлер әлі "постковидтік" құбылысты зерттеп, оның емдеу әдістерін жасауда.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз