Зерттеу: Қанты көп тағамдар ішектің қабынуына себеп болады

Америка ғалымдары тышқанға тәжірибе жасап, қант көп қосылған тағамдардың ішек микробиомасын бұзатынын анықтады. Бұл жайында зерттеу Science Translational Medicine журналында жарияланған.

Крон ауруы, ойық жаралы колит сынды ішек ауруының қабынуымен әлемде 3,5 млн адам ауырады. Аталмыш аурудың белгілері – іш өту, іш ауру, іштің бұрап ауруы. Әсіресе бұл аурумен Еуропа мен АҚШ азаматтары көп ауырады.

Ғалымдардың айтуынша, қантты тағамдарды көп тұтыну ішек қабынуына себеп болады. Қант қосылған тағамдар жіті өңдеуден өтетіндіктен, қоспа мол болады. Содан қанда қант көбейіп, диабетке, семіздікке душар етеді.

Техас университетінің медициналық орталығының биологтарды тышқандарға зертханалық зерттеу жүргізіп, қант қосылған тағам жеген тышқандардың тоқ ішек қабынуына ұшырағанын байқаған. Қабыну процесі тез басталатын көрінеді. Қанты мол азық жеген тышқандардың ішегі небәрі үш күннен кейін қабына бастаған.

Зерттеу тобының жетекшісі Шаханшах Ханның (Shahanshah Khan) айтуынша, қант ішек микробиомасын өзгертіп, кей бактериялар ішектің қорғаныш қабатын бұзуына әсер еткен. Содан тоқ ішектің шырышты қабығы қабынады.