Жапон әдісі: Спортпен айналыспай-ақ қалай ұзақ өмір сүруге болады?

Қазіргі адамзаттың басты проблемасы – қозғалыстың аздығы. Одан арылу мен оны жеңудің түрлі жолы бар. Солардың бірі – спорт. Қазір фитнес-зал мен жаттығу залдары көбейді. Айналамыз қаптаған спорт-жарнама. Йога, кроссфит, жаттығу залы – бәрі кәсіпке айналған. Бірақ спортты культ санамайтын бір мемлекет бар: ол – Жапония.

Жапония – халқы ұзақ жасайтын, дамыған елдердің арасында семіру индексі (4,3%) аз мемлекеттің бірі. Бірақ елде жаттығу залдары аз, спортпен айналысушы жандар да көп емес.  

Жақында жарияланған Rakuten Insight ұйымының зерттеуінде 20 мен 60 жас арасындағы 1000 жапон азаматының жартысына жуығы мүлдем спортпен шұғылданбайтынын айтқан. Жапондардың көбі спортты өмір салты санамайды. Жұмыстан қолы босамайтын жапондар спортқа баруға да уақыт таппайды.

Сыры неде?

Мұның сыры қарапайым. Егер жапондардың өмір салтына қарасаңыз, көп жаяу жүретінін байқайсыз. Үнемі жаяу жүру жаттығу залына барып, ауыр салмақ көтерумен, 10 шақырымға жүгірумен бірдей.

Жапондар жаяу жүруді жақсы көретін халық. Жұмысқа, ас ішу мен қонаққа да жаяу барады. Таңнан кешке кейін жүру жапондардың қанына сіңген қасиет.

Қарт адамдар күніне, кем дегенде, 6500 қадам жүреді. Ал 20-50 жастағы жігіттер мен ер азаматтар 8 мың, әйелдер 7 мың қадам басады.

Ал Окинов аралында тұратын жапондар жаяу жүру мәдениетіне жіті мән береді. Соның арқасында бұл аралдың тұрғындары Жапонияда ең көп өмір сүретін қауымға айналған. Ал Нагано аралында тұрғындардың жаяу жүруі үшін арнайы 100-ден астам маршрут салынған. Бұл аралда жүрек-қан ауруларына шалдығатын, инсульт алатын адамдар аз.

Жапония қалаларында жаяу жүру үшін жағдай жасалған: соқпақ жол, саяжол, саябақ, жаяу жүргіншілер жолы көп. Қоғамдық көлік желісі дамыған.

Жаяу жүру – жапондар үшін өмірдің салты, тыныс алу мен тамақ жеу сынды қажеттілік, бойға сіңген әдет.

Әрине, бұдан спортпен айналыспай-ақ қою керек деген қорытынды шықпауы керек. Ұнаған спортпен шұғылданып, уақытыңызды соған арнауы толық қақыңыз бар. Бірақ жұмыстан қолы босамайтындар үшін жаяу жүру - нағыз тайм-менеджмент. Спортқа көңіл бөлмеді дегеннің өзінде көбірек жаяу жүруге тырысқан абзал.