Коронавирустың екінші толқынына қалай дайындалу керек? – дәрігер кеңесі

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын өсіп келеді. Кей облыстар жағдай күрделенгендіктен карантин шараларын қолға алды. Осы орайда MedSupportKZ волонтері, Назарбаев университетінің түлегі, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Каукенова коронавирустың екінші толқыны болған жағдайда не істеуге және жұқтырып алмау жолы жайлы қазақстандықтарға өз кеңесін береді, деп жазады Tengrinews.kz.

1. Бір ауырған адам қайта ауыруы мүмкін бе?

Иә. Дәл қазір бұл жағдай түсініксіздеу. Бір ауырған адам қайта ауыруы мүмкін, бірақ жеңіл немесе ауыр болуы қандай факторға байланысты екені анық емес. Сондықтан бір ауырған адам «енді ауырмаймын» деп ойламау керек. Маска тағып, қолын жиі жуып, арақашықтықты сақтап, барлық сақтық шараларын ұстануы қажет.

2. Мен барлық сақтық шараларын ұстанудамын, тағы не істеуім керек?

Адамдардың психологиялық көңіл-күйіне де әсері бары жазғы пандемия кезінде байқалды. Оқшаулану мен қашықтан жұмыс жасау адамдардың күндік режиміне өзгеріс енгізді. Егер үйден жұмыс жасайтын болсаңыз, күнделікті режимді ұстануға тырысыңыз.

• бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұрыңыз.

• таңғы ас, түскі ас пен кешкі асыңызды үстел басында ішіңіз. Дәл бұрынғыдай тамақтаныңыз. Бірақ денсаулыққа зиянды тағамдарды тұтынбаңыз.

• жалғыз тұрсаңыз да ағайын-туыс, дос-жаранмен жиі хабарласып тұрыңыз. Видеоқоңырау арқылы сөйлесуді де жоспарлаңыз.

• егер локдаун болса, онда отбасымен бірге уақытты көңілді өткізетін түрлі ойын-сауық түрлерін әзірлеңіз. Үстел ойындары, би, кітап оқу, кино қарау және т.б.

• егер бір өзіңіз тұратын болсаңыз, видоқоңыраудан бөлек, әлеуметтік орта құрсаңыз болады. Ол 5-6 адам болып, сақтық шараларын сақтай отырып кездесіп, пікір алмасу.

Екінші толқын алдында не істеу керек?

Өзіңізде бар созылмалы дерт болса, алдын алыңыз. Терапевтке тексерілмеген болсаңыз, дәл қазір барыңыз. Статистика бойынша, коронавирустан көп зардап шеккендер – созылмалы дерті барлар. Егер дәрігер тізімінде болсаңыз, онда дәрігеріңізге хабарласып, ем-дом жайлы кеңес алып отырыңыз.

Дәріханадан не сатып алу керек?

Егер сіз ем алып жатсаңыз, оны жалғастыруды тоқтатпаңыз. Одан өзге үйге өзіңізге қажетті біршама дәрілерді алып қоюды да ұмытпаңыз. Әрине, тым көп емес. Өзіңізге және отбасыңызға жетерліктей ғана:

• бірнеше парацетамол немесе ибупрофен;

• тамақ ауруына көмектесетін пастилкалар;

• мұрынды жууға арналған тұзды ерітінді;

• термометр, мүмкіндік болса пульсоксиметр де;

• ішек ауруларына қажет болатын метоклопрамид немесе ондансетрон алып қойған да артықтық етпейді. (Бірақ бұл дәрілерді дәрігер айтуымен ғана ішіңіз!)

Кез келген дәріні ішерде оны қандай жағдайда ішу керек, қанша ішу керек, қандай жағдайда ішпеу керек және кері әсері жайлы түсіндірмені міндетті түрде оқып шығыңыз.

Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Өкінішке қарай, иммунитетті сіздің денеңіздегі деңгейден жоғары көтеру қиын. Бірақ сіз оған оңтайлы деңгейде жұмыс істеуге көмектесе аласыз. Көптеген адамдар үшін жақсы иммунитеттің негізі – дұрыс тамақтану, жаттығу және дұрыс ұйқы.

Фастфуд, майлы және тәтті тағамдардарды көп тұтынбаңыз.

Спортпен барынша шұғылдану да мақсат емес. Бастысы – күн сайын 10-15 минут уақытыңызды бөліп жаттығулар жасап тұрғанның да пайдасы зор.

Түнде уақытылы ұйықтап, күндіз сергек жүріңіз. Сергек жүру үшін көбіне 6-8 сағаттық ұйқы пайдалы.

MedSupportKZ волонтерлері деген кімдер?

MedSupportKZ – бұл әртүрлі мансап сатысындағы 95 жас қазақстандық ғалымның жобасы. Олар қазақстандық және шетелдік университеттерде жұмыс жасайды. Мамандар дәрігерлер үшін маңызды зерттеулерді аударуға көмектеседі, қазақстандықтарға жадынамалар дайындайды және дәрілер туралы кей ақпараттарды тексереді. Олардың Instagram және Telegram парақшалары сілтемеде.