Болатбек Бимендеұлы: Шетел медицинасынан кем болмауымыз керек

Болатбек Бимендеұлы: Шетел медицинасынан кем болмауымыз керек
Фото: massaget.kz

Биыл еліміздегі бай тарихы бар А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 75 жылдығы. Осыған орай аталмыш орталықтың басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі  Болатбек Бимендеұлымен сұхбаттастық.

***

– Биыл А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 75 жылдығы екен. Әлемдегі хирургиялық орталықтардан кем түспейтін мекеменің жетістіктері туралы айтып берсеңіз? Осы уақыт аралығында мекеме қандай даму сатыларынан өтті? Тарихына тоқтала кетсеңіз.

– Ұлттық ғылыми орталыққа 75 жыл деген аз мерзім емес. Бұл орталық Совет Одағындағы ең бірінші құрылған орталықтардың бірі. Сондықтан әр заманға сай өзінің міндеттері болды және сол міндеттері өз деңгейінде жүзеге орындап келеді. Алғаш іргесі қаланған кездегі міндеті Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен зардап шеккендерін емдеу болса, ғылыми орталық, бүкіл хирургия саласының проблемаларын зерттеу, ғылыми жұмыс, жаңа тәсілдер мен операциялар енгізу, жалпы республика бойынша хирургия саласын курацияға алу кейінгі міндеттері болды. Бұл орталық тек Алматыға ғана емес республикаға қызмет жасаған мекеме, сондықтан әр кезеңге орай қажет бөлімшелер ашылды. КСРО кезінде үздік үштікке кіретін. Тәуелсіздік алғаннан кейін де өзінің орнын жоғалтқан жоқ. Заманға сай жұмыс істеп келе жатырмыз. Оған дәлел біздің жұмыстар мен орталықтың әлемге танымалдығы.

Бүгінгі таңда 11 бөлімшеміз бар. Оған хирургияның өкпе, жүрек, қантамырлар, бауыр, ұйқы безі, урология, трансплантация, бауыр, бүйрек трансплантациясы, микрохирургия, асқазан-ішек жолдары және эндокринді ағзалар хирургиясы, интервенциялық хирургия, гинекология сынды бөлімшелері кіреді. 

Біздегі операциялардың көбі жоғары мамандырылған көмек. Оны көп жерде жасай бермейді. Бұл жерде шетелде жасалатын операциялардың бәрі жасалады. Артық болмаса кем емес.

– Аталмыш орталықтың еліміздегі басқа да хирургиялық орталықтардан, клиникалардан басты айырмашылығы неде?

– Жаңа айтып өткенімдей біз ғылыми, оның үстіне ұлттық орталық болғаннан кейін бізде ең күрделі зерттеулер мен операциялар жасалады. Оның көбі облыс орталықтары мен басқа ауруханаларда жасалмайды. Ерекшелігі сол, жалпы, еліміздегі емделуі қиын, диагнозы белгісіз аурулар соңында бізге келеді. Біз сондай деңгейге дайын болуымыз керек, қазір сондай деңгейге лайықпыз.

– 75 жылдық тарихы бар озық клиниканың қаһармандары кімдер?

– Өз заманына сай қаһармандары болды. Бәрі басшыға байланысты. Сондықтан алдымен тілге алатынымыз да Александр Николаевич Сызғанов. Осы кісі алғаш болып ұлттық орталықтың негізін қалады. Отыз жыл бойы осы мекемені басқарды. Кейіннен 1980 жылы Клиникалық және эксперименталды хирургия институтына академиктің есімі берілді. Одан кейін мекемені Ткаченко басқарды. Сосын ұстазымыз Мұхтар Әлиев орталыққа басшы болып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ол кісі – нақты қаһарман. Мұхтар Әлиев кезінде хирургия ерекше дамыды. Қаншама жас ұлттық мамандар тәрбиеленді. Оған дейін мұндай мамандар бірен-саран еді…

Жалпы, мұның бәрін тізіп жатсақ 1 сағат уақытымыз жетпей қалады. Оның бәрі Қазақстанға ғана емес шетелге де белгілі мамандар. Бұл саланы жоғары дәрежеде меңгеру үшін профессионал болу керек.

– Хирургиялық орталықта трансплантациялық отаның қанша түрі жасалады?

– Қазіргі таңда трансплантацияның бірнеше түрі бар. Алғаш рет еліміздегі жүрек, өкпе, бүйрек, жалпы барлық транплантация осы ғылыми орталықта жасалған. Қазіргі біздің негізгі саламыз – бауыр, бүйрек, ұйқы безі. Ал, жүрек пен өкпені Астанадағы кардиоорталық жасайды. Себебі трансплантация көп емес, бөліп-жаратын ештеңесі жоқ. Егер трансплантация программасы дамып, донорға байланысты жүрекке, өкпеге жасалатын трансплантациялар көбейіп жатса, онда біз оларды да жасауға дайынбыз.

– 30 жылдық тәжірибесі бар мамансыз. Өзіңіз басшылыққа келгелі не өзгерді?

– Негізі адам өзі туралы айта алмайды. Тиісті деректер бар. Мен бұл жерге бірінші рет емес, екінші рет басшы боп келіп отырмын. Осы орталықпен жалпы байланысыма биыл отыз жыл болды. Бұл жерге 1990 жылы келдім. Осы жерде кіші ғылыми қызметкерден доктор, медицина профессоры, осы орталықтың басшы дәрежесіне дейін өстім. Орталықтың тарихын да, бұл жерде істеген мамандарды да жақсы білемін. Біз бәрінен хабардар болып отырамыз. Бір салада өзгеріс болып жатса, бір  саланы дамыту керек болса оны да жедел қолға аламыз. Әріптестермен тікелей байланыстамыз. Тәжірибе алмасамыз. Осылай орталық заманға сай жұмыс істеп келеді. Менің негізгі талабым да сол. Біз артта қалып қоймауымыз керек. Бір аурудың операциясын біз жасай алмай, ол шетелге кетпеуі керек. Ол менің негізгі ұстанымым. Ол жақтағы бар маман мен тиісті құрал жабдықтар бізде де бар. Біз олардан артық болмасақ, кем жасамауымыз керек. Бұл талапты мен осындағы мамандарға да қоямын. Өзім курация жасайтын бөлімшелер трансплантация, бауыр, бүйрек транплантациялары, бауыр, ұйқы безі, өңеш, асқазан хирургиясы. Осыған қатысты "бір науқасты емдей алмаймыз, операциясы қолымыздан келмейді" деп шетелге жібермейміз. Себебі, дүние жүзінде жоғары дәрежеде жасалатын операциялар бізде де сол деңгейде жасалады.

– Бір сөзіңізде "күніне 10 трансплантация отасын жасауға дайынбыз" деген екенсіз. Мүмкіндігі мол осындай орталықтың пайдасын неге толық көре алмай отырмыз? Донор жетіспеушілігінің себебі неде, заң ба әлде халықта донор болуға түсінік жоқ па?

–   Әлі де "дайынбыз" деп айтамын, егер де донор табылмай жатса, ол біздің кінәміз емес. Мемлекет, халық бұны қолдауы керек. Көп жерде маман жетіспейді, ал бізде қай трансплантация болса да жасалады, қазір жасап та жатырмыз.

– Шетелге қарағанда бізде орган ауыстыру арзан екен. Себебі неде?

– Әрине, арзан. Шетелде қолданатын нәрселерді біз де қолданамыз. Америкада қолданатын дәрі дәрмек пен жіп бізде де қолданылады. Оны біздің ел шығармайды. Америкада трансплантация 200 мың доллар тұрса, бізде 10 мың доллар. Неге? Өйткені оларда нарық сондай. Айлығы жоғары. Сондықтан операция құны да соған сай жүреді.

–  Қазақстанда қайтыс болған немесе мезгілсіз қаза болған адамның туыстары  оны донорлыққа бермейді немесе қайтыс болғалы тұрған адамның туыстарына оның о дүниеге аттанатынын қамыр ішінен қыл суырғандай жеткізген күннің өзінде олар "бір амалын жасауға болмай ма, Астанадан маман шақыртыңыздар!" деп кетеді. Мұндай кезде донор бол деп айтудың өзі мүмкін емес. Елімізде донор болудың маңызы, басқаға өмір сыйлаудың рахаты туралы кеңінен түсіндірілмей жатқан сияқты. Мұның себебі дін дейін десең дінге берік Иран мемлекеті трансплантология бойынша әлемде алдыңғы орында.

Мұны 20 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Мен бұл туралы 100-ден астам сұхбат бердім. Оның бәрін түсіндірдік, дегенмен нәтиже жоқ. Донор болуға дін де қарсы емес. Бұл сауапқа жатады. Құдайға сенің іш құрылысың емес, жаның керек. Сондықтан бұл жерде діннің қатысы жоқ. Мәселе тек адамдардың сана-сезімінде, түсінігінде болып тұр. Түсіндіру қажет, әрине. Бірақ алдымен тиісті заң қабылдануы керек. Трансплантациясы дамыған елдердің заңын алу керек. Соған тиісті мәселелерді жұртқа түсіндіру керек. "Мынадай заң бар. Қарсылық білдіруге құқығыңыз бар" деп айтуымыз керек. Жалпы, қандай заң қабылданса да адамның оған қарсылық білдіруіне мүмкіндігі болады. Сен оған қағаз түрінде немесе нотариалды түрде әйтпесе интернет арқылы қарсылық білдіре аласың және қолдай да аласың. Адамның бәрі қазір сауатты ғой. Сондықтан интернетті ашып, "тарнсплантация, мәйіт трансплантациясының тиімділігі" деп мәлімет іздесе, бәрі шығады. Жалпы, адамдарға мүмкіндік беру керек, заң қабылданды. Соған байланысты "белгіленген мерзімде мәйіт донорлығына келісіміңізді немесе қарсылығыңызды білдіріңіз" деп айтуымыз керек. Ақпарат құралдары арқылы оны насихаттауымыз керек. Айтып отырғанымның барлығы шетелдегі трансплантациясы дамыған елдердің тәжірибесі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Т. Раушанұлы