Асты қалай шайнау керек?

Тамақ ауыз ішінде небәрі 10–30 секунд қана болады. Тамақтың майдалануы оны жұтуды оңайлату үшін ғана емес, бәрінен бұрын оның асқорыту сөлдерінің ферменттерімен араласуын жақсарту үшін керек. Тамақ неғұрлым жақсы майдаланса, ферменттермен соғұрлым жақсы араласады.

Тамақ нашар шайналған кезде қорыту процесі ұзарып, ас қорытатын сөлдердің тым көп бөлінуін керек етеді. Мұның өзі денсаулыққа жайсыз әсер береді. Сондықтан тамақты әбден шайнап дағдылану керек.

Тістің арасында ұзақ қалған тамақ, әсіресе, құрамында қанты барлары микробтардың көбеюіне, тісжегінің пайда болуына әкеледі. Сондықтан тамақ ішкен сайын ауызды жақсылап шайып, жатар алдында тісті тазалау керек. Жарамсыз тісті жұлуға тура келсе, оның орнына дереу тіс салғызу керек. Сау тістер асты дұрыс қорытуға көмектеседі.

Сілекейдің мөлшері мен оның құрамы тамақтың сапасына көп байланысты. Адам күніне қанша сілекей бөледі? Орта жастағы ересек адам бір жарым литрге жуық. Айтпақшы, күйіс қайыратын малдар бөлетін сілекеймен салыстырғанда бұл мөлшер мүлдем аз көрінеді. Мәселен, жылқы тәулігіне 40 литрден 60 литрге дейін, яғни 5 шелекке жуық сілекей бөледі екен.