Күндіз шамадан тыс ұйықтағанның қаупі қандай?

Күндіз көп ұйықтағанның өмірі қысқарады. Гуанчжоу медициналық университетінің ғалымдары осындай тұжырымға келді.

Қытай ғалымдарының MedicalXpress порталына жариялаған ғылыми зерттеуінде күндіз бір сағаттан артық ұйықтаған адамның денсаулығы күрт нашарлайтыны дәлелдеген. Яғни, күндіз көп ұйықтайтын адамдардың жүрек-қан тамыры ауруларына көп шалдығатын көрінеді.

Зерттеушілер күндізгі ұйқының ағзаға қандай зиян келтіретінін зерттеу үшін 313 651 адамның денсаулығын бақылауға алған. Қатысушылардың 39 пайызы – күндіз ұйықтайтындар.

Бақылау барысында күндіз ұйықтайтындардың (бір сағаттан көп) 30 пайызы түрлі ауруларға, 34 пайызы жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққаны белгілі болған. Ал күндіз 6 сағаттан көп ұйықтағандардың қан айналымы бұзылып, өлім құшу қаупі көбейетіні анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, жалпы күндізгі ұйқы адамға пайдалы, бірақ бір сағаттан кем болғаны жөн. Мұндай қысқа ұйқы адам денсаулығына оңды әсер етеді: ми тынығып, қан айналымы жақсарады, жүрек соғысы реттеледі. Алайда бір сағаттан ұзақ ұйқының адам денсаулығына зияны шаш етектен: адамның өлім құшу қаупін 19 пайызға көбейтеді.

Тағы бір айта кететін нәрсе – күндізгі ұйқы, әсіресе, әйел адамдарға өте қауіпті. Зерттеу нәтижесінде күндіз көп ұйықтаған әйел адамның денсаулығы күндіз мүлдем ұйықтамаған әйелге қарағанда 22 пайыз нашарлайтыны анықталды.