Тарихтағы қанды дерт: Адамзат шешектен қалай арылды?

Адамзат ғасырлар бойы тырысқақ, қызба, шешек, оба, сүзек, безгек сынды аурулардан жапа шекті. Әсіресе, шешектен жойылып кеткен қауым көп. Кейбір деректерге сенсек, Америкадағы үндістердің 90 пайызы, жоңғарлардың 40 пайызы, ортағасырда Еуропадағы халықтың 30 пайызы, Аустралияның байырғы халқы түгел дерлік осы шешектен қырылып қалған. Ашаршылық жылдары қазақ халқы да зиянға ұшырады. 

Егер басқа эпидемиялық жұқпалы аурулар уақыт өте жоғалып не емі табылса, шешектің ХХ ғасырға дейін дауасы табылмады.

Шешектің шығуы

Кейбір ғалымдардың есебінше, шешек вирусы Африкадағы кеміргіштерден осыдан 16-68 мың жыл бұрын адамға жұғып, жұқпалы ауру пайда болған. Ал кей деректер шешектің пайда болғанына 3-4 мың жыл ғана болған дейді. Вирустың екі түрі бар: бірі – өте ауыр, өлімге әкелетін Variola major болса, екіншісі – біршама жеңіл, жүз адамның біреуін "алып кететін" Variola minor типті вирусы.

Шешек тек адамға ғана жұғады. Бәрі тұмау мен суық тиюден басталады, дене қызуы 38 градусқа дейін жетеді. Адамның бұлшық еті ауырып, әлсіздік жайлайды, басы ауырады. 2-4 күннен кейін ауыздың іші мен иектің астынан жара шығып, бүкіл денеге тарайды. Аурудың түрі мен тарауы әр адамда әрқалай жүреді. Дерттен айықты дегеннің өзінде жараның орны жазылмайды. Көбі зағип боп қалатын көрінеді.  

Шешек жұқтырған адамдардың 90 пайызы аурудың қарапайым түрімен ауырған әрі оның үштен бірі көз жұмған. Ал шешектің қатерлі түрімен ауырғандардың жарасы жарылып, асқазаны мен ауызынан қан кетіп, түгелі дерлік өлім құшқан.

Тарихтан дерек

Ғалымдар шешектің алғашқы белгілерін біздің заманымызға дейін 1145 жылы өмірден өткен мысыр перғауыны Рамсес V-тің мумияланған мәйітінен тапқан. Мысыр саудагерлері ауруды Үндістанға апарып, одан Қытай мен Жапонияға тараған. Бұл шамамен, біздің заманымызға дейінгі Х ғасыр. Б.з.д. VIII ғасырда Жапонияда шешек үлкен эпидемияға айналып, халқының үштен бірі қырылған.

Басқа жұқпалы аурулар сияқты шешектің таралу тарихын дөп басу қиын, өйткені дерттің сыртқы белгілері желшешек пен қызылшаға ұқсас болғандықтан, оны шатастыратындар көп болды. Азияның түкпірі мен Еуропаның төріне қалай жеткені белгісіз. Көне грек пен рим жазбаларында да шешек туралы деректер жоқ. Мәселен, оба мен алапес туралы Інжілде, грек жазбаларында жазылған. Бірақ VII ғасырда түсірілген Құранда шешек туралы аз-маз мәлімет бар. Сондай-ақ шамамен осы ғасырда өмір сүрген еврей дәрігері Аронның да еңбегінде кездеседі.

Кей мамандар біздің заманымызға дейін 430 жылы Грекияда тараған оба, шын мәнінде, шешек эпидемиясы болған дегенімен, оны қуаттаушылар аз. Себебі шешек сол жылдары Жерорта елдеріне тараған болса, онда Гиппократ бұл ауруды жазып қалдырар еді. Алайда медицинаның атасы бұл туралы түк жазбаған.   

Біздің дәуіріміздің 165-180 жылдары Рим империясында тараған, 5 миллионға жуық адамды жалмаған эпидемияны да шешек ауруы деуге келмейді. Өйткені көне рим дәрігері Галеннің жазған індет сипаты шешектің белгілеріне ұқсамайды.

Соған қарағанда шешек Еуропаға Африкадан VII бен VIII ғасырларда келгенге ұқсайды.

Ал шешек жайлы, оның қызылша мен қотырдан айырмасы туралы алғаш жазып қалдырған парсы ғалымы, энциклопедист – Әбу Бәкір Мұхаммед ар-Рази болды. Ар-Рази бұл дерттен арылу үшін вариоляция, яғни, шешектің жеңіл түрінен екпе алып, адамға салу керектігін жазған.

Вариоляция дегеніміз – шешектің жеңіл түрімен ауырған адамның жарасынан ірің алып, ауыр түрімен ауырып жатқан адамның жарасына егу тәсілі. Мұндай тәсіл Шығыс медицинасында пайда болған. Үндістанда VIII ғасырда, Қытайда Х ғасырда жазылған деректерде кездеседі.  

Обадан да қатерлі

Шешек Еуропада орта ғасырда тарады. Ошағы жер-жерден шыққанымен, ауқымды эпидемияға айнала қоймады. Алайда Крест жорығы бәрін құртты. Елдер арасында соғыс өршіп, көшіп қонған жұрт көбейді. Шешек, әсіресе, соғыс етек алған жылдары қозған. Соның кесірінен шешек те бүкіл шығыс жарты шарға тарап, кейін отарлаушы қауымдармен бірге Америка мен Аустралияға жетті. Еуропадағы өлім 30 пайыз артты. Орта есеппен Еуропада жыл сайын 400 мың адам шешектен көз жұмған, көбісе – балалар.

Ал Жаңа Дүние – Америкаға конкистадорлармен жеткен шешек ацтек пен инк мәдениетінің күл талқанын шығарды. Бұрын көрмеген ауру болғандықтан, құрлықтың байырғы халқының иммунитеті шешекке дайын болмай шықты. Ал Солтүстік Америкаға аяғы жеткен ағылшындар үндістерге ауру таратып, жергілікті халықтың 80-90 пайызын құртып жіберді.

Аустралиядағы аборигендердің де тағдыры солай. XVIII ғасырда тараған оба бір ғасырдың ішінде байырғы жұрттың тең жартысын жер бетінен жоқ қылып жіберді. Бүкіл ел мен құрлыққа жайылған эпидемия осылайша қауымдар мен халықтарды жұтып отырды. Былайша айтқанда, шешек бейсаналы биологиялық қаруға айналды.

Тиімді қару

Шешекті құртудың жалғыз жолы – екпе. ХХ ғасырдың ортасынан бастап шешекке қарсы жаппай екпе жүргізілді. Содан аурудың тарауы тоқтады.

Екпені табылу тарихы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнерден басталады. Ол 1796 жылы сиырдан шешек жұқтырып ауырған сауыншылардың кәдімгі шешекті жұқтырғанда ауырмағанын байқайды. Сиырға тиген шешек – адамдікіне ұқсас ауру. Алайда онымен ауырған адам сауығып кетеді. Тек иммунитеті әлсіз адамдарға қауіпті.

Содан дәрігер Дженнер сиырдың шешегінен екпе жасауға болады деген пікірге келеді. Өйткені вариоляция біраз қауіпті амал болғандықтан, оның жанында сиыр шешектің геномын пайдалану зияны жоқ тәсіл еді. Оның үстіне, вариоляцияның өзі ауру ошағына айналуы мүмкін.

Дженнер тәжірибе жасау үшін сауыншы Сара Нелмстің жарасынан биоматериал алып, 9 жасар балаға егеді. Кейін ауық-ауық шешек вирусын балаға жұқтырып белгілерін байқастайды. Бірақ баланың бойына ауру тараған жоқ, белгілерін таба алммады. Тәжірибені нақтыламақ болып тағы қосымша эксперимент жасап көреді. Бәрі сәтті өтеді. Осыдан кейін барып ғылыми мақала жариялап, шешектен арылудың жолын тапқанын мәлімдейді.

Басында ғалымдардың көбі Дженнердің тәжірибесіне сынмен қарап сенбеді. Әлі де терең зерттеу жүргізуге кеңес берді. Дженнердің кей айтқандары расымен қате еді. Мәселен, сиыр шешегінен алынған екпе адамға өмірлік иммунитет береді дегенімен, іс жүзінде олай болмай шықты. Оның үстіне, екпе жасалған кейбір адамдардың жағдайы керісінше ушығып, басқа аурулары қозып кетті. Себебі сиырдан алынған биоматериалдың кейбірінде вирус пен бактерия бар болып шықты.

Бірақ дәрігер бұл кемшіліктерді жөндеп, екпенің тазалығы мен салу ережелерін жетілдірді. Соның арқасында шешек індетін тоқтата алатын шынайы, тиімді тәсілді жасап шықты.

***

Шешек індеті ХХ ғасырдың ортасында жойылды. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы шешек шыққан жердің бәрін бақылауға алып, жаппай екпе жұмыстарын жүргізді. Арнайы медициналық комиссия шешек шыққан елдердің барлығын аралап, түсіндіру, профилактика жұмыстарын жасады. Шешектің соңғы шыққан жері – Сомали елі, 1977 жылдың қазаны.

Ал 1979 жылы ғалымдар жер бетінен шешек вирусы толық жойылды деп мәлімдеді. Қазір қауіпті вирус тек зертханада ғана қалды. Зерттеу жұмыстары әлі жалғасуда.