Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ

Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Фото: kenkoudouseikotsuin.com

Соңғы уақытта коронавирусты жұқтырғандардың саны күрт артты. Көп жағдайда инфекция симптомсыз түрде не жеңіл белгілермен өтіп жатыр. Бірақ ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскендер де аз емес. Күн санап науқастар саны көбейіп, ауру дендеп барады. Ақыр соңында көптеген адамдар коронавирустың ойдан шығарылмағанын, шындық екенін түсінгендей. Осыған орай, біз көп жылдық қызметін АИТВ/ЖИТС індетімен күресуге арнаған иммунолог, бүгінде Профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор Алмаз Шарманнан осы мәселе төңірегінде айтып өтуін сұрағанбыз.

– Айналамызда коронавирусты жұқтырған адамдар саны көбейіп, ал кейбіреулерінде инфекция ауыр түрде өтіп жатса не істеуіміз қажет?

– Бастысы, қатты дүрлікпей, сабыр сақтаңыз. Сондай-ақ, өз басым коронавирусқа "алды-артына қарамай", бір қажеті болып қалар деп тестілеуден өтуге үзілді-кесілді қарсымын.

Біріншіден, бұл шынымен тестілеуге мұқтаж адамдар үшін шектеулер тудыруы мүмкін. Екіншіден, коронавирусты жұқтыруы ықтимал адамдар арасында кезекке тұруды аса қауіпті деп санаймын.

Әрине, аурудың алдын алуға барынша қажетті шараларды қолдану қажет. Ол үшін маска тағу, қолды жиі жуу, ара қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу және үлкен іс-шараларға қатысудан бас тарту маңызды болмақ.

Коронавирус инфекциясының симптомдарына жіті назар аудару керек. Олар вирусты жұқтырған адаммен байланысқаннан кейін 2-14 күннен кейін пайда болуы мүмкін, бірақ көбінесе 4-5 тәулікте анықталып жатады. Ең жиі кездесетін симптомдары мынадай: дене қызуының көтерілуі және қалтырау, жөтел, ентігу және тыныс алудың қиындауы, әлсіздікті сезіну, дене бұлшықеттерінің ауырсынуы, бас ауруы , дәм мен иіс сезбеу, тамақтың қышуы мен жұтынудың қиындауы, мұрынның бітелуі, жүрек айну және құсу.

Бұл симптомдарының көпшілігі суық тию мен тұмауда жиі кездеседі, сондықтан тез арада жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жатудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайларда үйде де емделуге болады. Әдетте, алғашқы белгілері байқалғаннан кейін 10-14 күн ішінде ағза сауыға бастайды.Бірақ, кейбіреулерінде аурудың қауіпті ағымына көшуі мүмкін, бұл енді медициналық араласуды қажет етеді.

– Коронавирус симптомдары пайда болған адамдарға не ұсынуға болады?

– Жағдайды жеңілдету үшін парацетамол және аспирин сияқты дене қызуын, ауруды басатын дәрі-дәрмектерді қабылдауға болады. Айтпақшы, аз мөлшердегі аспирин қанның ұюына көмектеседі, бұл коронавирус инфекция үшін маңызды. Дәрігерлер тамақ пен мұрын қуыстарын фурацилин ерітіндісімен жиі шайып тұруды ұсынады. Бұл үшін мен 0,05 пайыздық хлоргексидинді дезинфекциялық ерітіндіні қолдануды ұсынамын, оны төзімділікке байланысты қарапайым сумен араластырып езуге болады. Бұл вирустың ағзадағы концентрациясын төмендету үшін қажет. Ол неғұрлым жоғары болса, асқынулар мен басқаларды жұқтыру ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Биологиялық белсенді қоспаларға деген сенімім болмаса да, лактоферринді қабылдауға кеңес беремін. Қытай дәрігерлері айтпақшы, ол иммундық жүйені вирустармен күресуге көмектеседі.

Алайда, дәрі-дәрмекке көп үйір болмаған жөн. Тыныштықта болу маңызды, көп мөлшерде жылы су ішу қажет, оған лимон қосса тіпті жақсы. Өйткені, лимон С дәруменіне бай келеді. Айтпақшы, бұл дәрумендер және басқа да пайдалы заттар қымызда және кейбір ашыған сүт өнімдерінде өте мол. Олар сонымен қатар вирустармен күресуге көмектесетін пайдалы микробтарға толы.

Егер жағдай тәуір болса, онда мен міндетті түрде маска тағып, адамдармен 2 метр немесе одан да көп қашықтықты ұстай отыра көшеде серуендеп, бой жазып қайтуды ұсынамын. Күн сәулесі ағзада Д дәруменінің пайда болуына ықпал етеді, өз кезегінде бұл вируспен күресуге көмектеседі. Егер сізден коронавирус анықталған болса, қоғамдық көлікті пайдаланудан бас тартқан жөн.

– Егер симптомдар болмаса, бірақ тест нәтижесі коронавирустың бар екенін көрсетсе оқшаулану қажет пе?

– Шынында да көптеген адамдарда коронавирус инфекциясы ешқандай симптомсыз немесе болмашы көріністермен өтуде. Сонымен бірге ауру көбінесе сиптомсыз басталғанмен, бірнеше күннен соң симптомдар байқалып жатады. Мұны инфекцияның беймәлім немесе жасырын кезеңі деп атайды.

Кез-келген жағдайда, симптомдар болсын-болмасын коронавирустар вирус жұқтырғандардың ағзасында болады, олар негізінен мұрын қуысы мен тамақ жұтқыншағында көп шоғырланады. Науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде немесе тыныс алғанда, олар ауа арқылы таралуы мүмкін. Жұқтыру қаупі әсіресе бөлме жеткілікті түрде желдетілмегенде және онда бірнеше адам шоғырланған кезде айтарлықтай зор болады. Сондықтан да коронавирус жұқтырған адамның өзін басқа адамдардан оқшаулануы аса маңызды. Бұл сонымен қатар аурудың симптомдары білінбеген науқастарға да қатысты.

– Оқшаулану жағдайында қандай талаптарды сақтау керек?

– Ең дұрысы, жақын маңда өзге адамдар жоқ жерге қоныстанып, оқшаулану. Егер бұл мүмкін болмаса, жеке бөлмеде оқшаулануға болады. Сондай-ақ, бұл жерде бөлек дәретханының болғаны абзалырақ. Мұндай оқшауланудың ұзақтығы әдетте 14 күнді құрайды.

Мүмкіндігінше бөлек ыдыстарды, жабдықтарды, ас құралдарын, сонымен қатар жеке сүлгілер мен төсек жабдықтарын қолданған жөн. Қолдарды жиі сабындап жуып, гигиенаның жалпы ережелерін қатаң сақтау керек.

Оқшаулану бөлмесін күнделікті тазалап, мезгіл-мезгіл желдетіп отыру керек. Тұрмыстық құралдардың бетін сүртіп немесе дезинфекциялық сұйықтықтармен тазалаған дұрыс. Телефондарды, теледидар пультін, есік тұтқаларын, дәретхананы, компьютер пернетақтасы мен үстел беттерін тазартып тұруға ерекше мән беру қажет.

Коронавирусты жұқтырған науқас басқа адамдармен, мысалы отбасы мүшелерімен сөйлесу қажеттілігі туындаса, олардың 2 метр қашықтықты сақтаулары өте маңызды. Сонымен қатар, науқастың аузы мен мұрнын маска жауып тұруы керек. Оның үстіне, бұл вирусты жұқтырған адам үшін де, онымен байланысатын адамдар үшін өте маңызды. Әрине, егер науқас бөлмеде жалғыз болса, онда маска тағудың қажеті жоқ.

Науқасқа күтім жасайтын адамдарға мүмкіндігінше насқаупен аз сөйлесуге кеңес беріледі. Науқасқа кірер кезде бір рет қолданылатын қолғап пен масканы тағып, шығарда оны қоқысқа лақтырып тастауы керек, яғни әр келген сайын.

– Ауыр симптомдарды өткізіп алмау үшін не істеу керек?

– Симптомдардың қалай дамитының қадағалап отыру қажет, атап айтқанда анықталған симптомдардың нашарлауы байқала ма немесе жаңа симптомдары пайда болды ма дегендей. Міндетті түрде дене қызуын мезгіл-мезгіл өлшеп отыру қажет. Ол әдетте 37 градустан аспауы керек. Мен ол үшін кәдімгі сынапты градусникті қолдануды ұсынамын.

Коронавирус инфекциясы көбінесе өкпеге әсер етеді, сондықтан тыныс алуды жиілілігін қадағалау керек. Мұны былай істеуге болады, орындыққа немесе төсекке жайғасып, бойды еркін ұстап, тыныштықта тыныс алу қозғалыстарының санын санау керек – демді ішке алу кезінде кеуде мен іш сәл көтерілгенде. Әдетте тыныс алу жиілігі минутына 12-ден 20-ретке дейін. Егер минутына 25-тен артық болса, онда алаңдауға негіз бар.

Сондай-ақ, мен пульсоксиметрді алуды ұсынамын. Ол қандағы оттегінің концентрациясын өлшеу үшін қажет, өзі сұқ саусаққа киілетін кішкентай құрылғы. Әдетте бұл 94-96 пайызды көрсеткішті құрайды. Егер бұл көрсеткіш 92 пайыздан төмен болса, әсіресе тыныс алу кезінде, өкпеде бір нәрсе дұрыс емес болуы мүмкін. Бұл жағдай "үнсіз гипоксия" деп аталады және ол коронавирус инфекциясымен байланысты болуы мүмкін.

Градусникпен дене қызуын өлшеу секілді пульсоксиметрді қолдану да өте оңай. Коронавирус инфекциясы кезінде оттегі концентрациясының төмендеуі тыныс алудың қиындауынан, құрғақ жөтел, дене қызуы және кеудедегі ауырсынудан бұрын орын алады. Бұл қарқынды медициналық араласуды қажет етуі мүмкін, әсіресе егде жастағы адамдарда. Сондықтан, пульсоксиметрдің көмегімен бұзушылықтарды анықтау арқылы дәрігерлерге уақытылы көрініп, аман қалуға болады.

– Қандай жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек?

– Симптомдар күшейген кезде өте абай болу керек. Әсіресе, ентігудің күшеюі, дене қызуының жоғарлауы, өзін тым нашар сезіну және басқа да белгілер байқалатын болса. Мұндай жағдайларда тұрғылықты жері бойынша емханаға медициналық көмекке жүгіну керек немесе call-орталыққа 1406-ға қоңырау шалу қажет. Симптомдардың күшеюі, жағдайдың нашарлауы және өкпенің 30 пайызынан астам зақымдалуымен жүретін пневмонияның дамуы секілді көрсеткіш орын алған жағдайда науқас ауруханаға емделуге жатқызылады. Мұны компьютерлік томографияның көмегімен анықтайды.

Жедел медициналық көмекті қажет ететін жағдайларға ес-түстің жоғалуы, бет пен еріннің көгеруі, қозғала алмау немесе тұра алмау, тыныс алудың қиындауы, кеуденің қысылуы және ауырсынуы жатады.

Коронавирус инфекциясы көбінесе басқа да созылмалы аурулармен бірге келеді. Атап-айтқанда, қант диабеті, гипертония, неврологиялық, эндокриндік, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды және басқа да бұзылыстар. Бұл жағдайлар жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуды талап етеді, өкінішке орай коронавирус пандемиясы жағдайында бұл қиынға соғып отыр. Бұл мәселені шешудің бір жолы – телемедициналық кеңес, атап айқтанда дәрігер науқаспен whatsapp, skype, zoom және басқа да байланыс құралдарын пайдаланып, қашықтықтан өзара әрекеттесуі.

Коронавирус инфекциясының симптомдарын басқа аурулардың көріністерінен ажырату үшін www.symptomaster.com өзін-өзі диагностикалау құралын пайдалануды ұсынамын. Ол мобильді нұсқаларда да қолжетімді.

– Коронавирус инфекциясы ағзадағы қандай бұзушылықтарға әкеледі және кейбір адамдарда неліктен ауру симптомсыз, ал басқаларында ауыр түрде өтеді? Ал балалар ауруды қалай өткереді?

– Қазір белгілі болғандай, өкпеден басқа коронавирус көптеген мүшелерге әсер етіп, қабынуды, қанның ұюдың жоғарлауын, жүрек, неврологиялық және басқа да жүйкелік бұзылыстарды тудырады. Шынында да кейбіреулерінде инфекция симптомсыз, ал басқаларында ауыр түрде өтіп жатады. Бұл негізінен қант диабеті, семіздік, гипертония,қатерлі ісік және аутоиммунды бұзылыстар секілді созылмалы ауруларға байланысты. Осылардың кесірінен әлсіреген иммундық жүйе инфекцияға қарсы тұру қабілетін жоғалтады. Алайда, дерттің ауыр ағымын дені сау адамдардан да байқауға болады.

Жақында коронавирус инфекциясының әртүрлі ауырлық дәрежесі бойынша Испания мен Италиядағы көптеген науқастардың генетикалық талдауының нәтижелері жарияланған болатын . Анықталғандай, асқыну қаупі белгілі бір дәрежеде 9-шы хромосоманың генетикалық ерекшеліктеріне байланысты екен. Аталмыш хромосома екінші қан тобымен А(II) байланысты. Бұл байланыстың себептері әрі белгісіз, бірақ бұл қан тобы бар науқастарды аса сақтықпен емдеу үшін өте маңызды.

Балаларға келетін болсақ, мен Еуропаның 21 елінде өткізілген тағы бір ауқымды зерттеулерге тоқтала кетейін. 25 маусымда Lancet журналында жарияланған нәтижелер, балаларда коронавирус инфекциясының кез-келген симптомдары сирек кездесетінін және өте төменгі өлім жағдайымен сипатталатынын көрсетті. Осы негізде кейбір ғалымдар қажетті сақтық шараларды сақтай отырып, мектептерде және мектепке дейінгі мекемелерде оқуды қайта бастауға болады деген ұсыныстарын білдірген болатын.

– Коронавирустан қалай емделеміз?

– Өкінішке орай, қазіргі уақытта коронавирусты тиімді және нәтижелі түрде жоятын дәр-дәрмектер жоқ. Негізінен, ауруды басатын және қызуды түсіретін дәрілер қолданылады. Сондай-ақ, коронавирус қанның ұюын жоғарылатындықтан, қан ұйығыштарының пайда болуына жол бермеуге көмектесетін препараттар қолданылады. Вирусқа қарсы қолданылатын Ремдесивир препараты үміт ұялатып отыр.

Жақында қымбат емес гормоналды дексаметазон препараты коронавирус инфекциясының ауыр түрлерімен ауыратын науқастардың өлімін төмендетіні дәлелденді. Ол "цитокиндік дауыл" деп аталатын дамуды тежейді. Алайда, оны жеңіл және орташа дәрежедегі ауруы бар науқастарға қолдануға болмайды. Азитромицин антибиотигі де қабынуға қарсы әсер етеді.

Көптеген елдерде дәрігерлер безгекке қарсы хлорохин препаратын коронавирус инфекциясын емдеу үшін оның тиімсіздігі мен жағымсыз жанама әсерлерінен қолданудан бас тартқан болатын. Сондай-ақ, Алувия деген атпен белгілі Лопинавир мен Ритонавир вирусқа қарсы препараттары да үмітімізді ақтамады.

– Адам ағзасы коронавирустан толық арылуға қаншалықты қабілетті? Коронавирус инфекциясы ізсіз өтеді ме және одан кейін қандай асқынулар болуы мүмкін?

– Оның алдындары науқастар сауығып кеткеннен кейін де, оларда біраз уақытқа дейін коронавирустар анықталатыны жайлы ақпарат болған еді. Жақында Оңтүстік Кореяда жүргізілген зерттеулер бұл вирустық бөлшектердің өлі фрагменттері екенін көрсетті. Яғни, имундық жүйе ағзаны коронавирустан тазартуға қабілетті. Алайда, ол қанша уақытқа созылатыны, яғни жаңа инфекцияның болуы мүмкін еместігі әлі белгісіз.

Аурудан айыққаннан қарамастан, кейбіреулер үшін коронавирус инфекциясы өзіндік ізін қалдырмай кетпейді, коронавирус тура және ауыспалы мағынада айтқанда "тыртықтар" қалдырады. Кейде ұзақ уақыт қалыпқа келуді талап ететін өкпе, жүрек, бүйрек және басқа мүшелердің зақымдалуына әкеп соғады. Аурудан айыққандар әлі де болсын ентігу, әлсіздік, есте сақтау қабілетінің төмендегенін, иіс пен дәмді сезбейтіндерін айтып шағымданады.

Ең үлкен алаңдатушылық өкпе фиброзы болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл өкпедегі ерекше өзіндік тыртықтар. Мұндай тыртықтар өкпенің толық тыныс алу мүмкіндігін шектейді.

– Сонымен, коронавирусты жұқтырудан қалай сақтану қажет?

– Елде карантиндік шаралардың жеңілдетуімен бірге көптеген адамдар қатысатын мерекелер, үйлену тойларыы, еске алу кештері және басқа да іс шаралар қайта жанданған болатын. Мен өзім осындай шараларға қатысудан шамам келгенше бас тартуға тырысамын және басқаларға да індет кезінде бас тартуға кеңес беремін. Әрине, мұндай бас қосулар инфекцияның таралуына басты себепкер, әсіресе көп адам жиналатын жабық әрі нашар желдетілетін орындарда тіпті қауіпті.

Қазір ауа-райының жылынуы арқасында сыртта серуендеуге, жүгіруге, велосипедпен серуендеуге, табиғатты тамашалап тауға шығуға мүкіндік туып отыр. Бұл жабық орында болғаннан гөрі біршама қауіпсіз.

Ашық аспан астында болған кезде вирустық бөлшектер тез ериді, ал олардың шоғырлауы мардымсыз болады. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда, әсіресе ультракүлгін сәулелерінің әсерінен олардың өміршеңдігі күрт азаяды. Дегенмен, тіпті көшеде жүрсеңіз де арақашықтықты сақтап, қолыңызды таза ұстап, маска тағып жүруге кеңес беремін.

А. Рысдәулет