Қара ем-дом: Халық еміне жиі қолданған дәрі-дәрмек заттар

Қара ем-дом: Халық еміне жиі қолданған дәрі-дәрмек заттар
Фото: yandex.kz

Қазақтың дәстүрлі халық емшілігінде қолданылған дәрі-дәрмектер "адал" және "арам" дәрілер деп екі топқа бөлінеді. "Адал" дәрілерге өсімдіктен жасалынатын, еті жеуге келетін жануарлардың еті, сүті, майы, терісі, жалы, минералды және химиялық заттардан жасалынатын дәрілер жатса, ал "арам" дәрілерге еті жеуге жарамайтын жануарлардың еті, сүті, майы мен терісі, т.б. бөліктер жатады.

Адамның қаны мұрынның қаны тоқтамаған кезде адамның өз қанын кептіріп, мұрнына үрлеген.

Айранды жылан шаққан жерге жаққан, ішек ауруларына ішкен.

Ақ қаздың өтін ішек ауруларына, құрт ауруға (туберкулез) ішкен.

Ақбөкеннің мүйізі бойға қуат беретін дәрі ретінде пайдаланылған.

Арақты мерезге, оташылар ауыр сынықты саларда ішкізген.

Ара балын қызылшаға, жөтелге терлету үшін пайдаланған.

Аюдың өтін талма ауруға суға қосып ішкен.

Аю майы буын ауруларына қыздырып жаққан.

Әйелдің емшек сүтімен көз ауырғанда шайған.

Балық майын көзге ақ түскенде және мешел ауруға ішкен. Көздің нұрын жақсартады деп тамызған.

Бидай ұнын (қамырды) күбірткеге, шиқанға, жылыдай танған.

Бұғы мүйізінің қанын дене әлсізденгенде, бас айналғанда, жүйке ауруларына ішкен.

Бұғы мүйізінің сорпасын дене әлсізденгенде, сыртқы жараларға, аяқ-қол сырқырап, бел шойырылғанда ішкен.

Борсық майын құрт ауруға (туберкулез), көк жөтелге ерітіп ішкен.

Ешкінің еті жеңіл, сорпасы асыл, тез торалтады деп сырқатынан айыға бастаған адамды ешкі етімен тамақтандырған.

Ешкінің еріген тоң майы от шарпыған денесіндегі күлдіреген жара тез жазылуы үшін шүберекке малып орайды. Бұл күйген жердің суын тез сорып, жаралы жерге тез өң береді.

Ешкінің майын күйген жерге таңған.

Жағылған қағаз тұнбасын тіс ауруға пайдаланған.

Жарқанаттың еті, сорпасы, құмалағы сүйек сырқырағанда, әртүрлі жарақатқа, көз, безгек ауруына пайдаланған.

Жер майды (керосин) ісікке, безгекке, тіс ауруына, сыздауыққа қолданған.

Жер ошақтың қызыл топырағын жас нәрестенің қолтығы мен шабы қызарғанда ұнтақ күйінде сепкен.

Жыланның түлеген терісін тіс ауырып қақсағанда ауырған тіске басқан.

Жылқы жалы күйген жерге өртеп күлін сепкен.

Қаздың майы үсіген жерге жаққан.

Қазанның қара күйесін тамақ ауырғанда саусаққа жағып алып басқан.

Қармен үсіген денені ысқылаған.

Қарғаның жүнін шаш түсіп айнатаз болған кісінің шашын қайта өсіру үшін айнатып бүріккен.

Қара дәріні (порох) мерезге пайдаланған.

Қасқырдың өтін құрт ауруға іштірген.

Қасқырдың бауырын құтырған ит қапқан кезде жегізген.

Құзғынның саңғырығын теміреткіге сепкен.

Күлді қан тоқтатқанда пайдаланған.

Қойдың өтін құлақ бітеліп қалғанда тамызған. Көзге ақ түскенде, теміреткіге, шаштың арасында болатын бөртпеге пайдаланған.

Қойдың қанын шиқан мен сыздауық шыққанда жылыдай таңған.

Қоянның миын талма, қалтылдақ ауруға қуырып жегізген.

Көмір ұнтағын кесілген жерге сепкен.

Қуырылған пиязды күбіркіге таңған.

Құмырсқаның илеуін суға қайнатып жылан шаққанда жерге қоймалжың түрінде таңған.

Қызған темірмен сүйек құртын күйдірген.

Қымызды көбіне құрт ауруына ішкен.

Кептердің етін қуықтағы тасты ерітуге, қышыма, бөрткенге, қызылшаға, безгекке жеген.

Күкіртті тері ауруларына, қотыр, қышыма, денеге бөртпе, есекжем шыққанда қолданған.

Мал омыртқасының жұлынын сыздауықтың ауызын шығару үшін жылыдай таңған.

Мүсәтірді иіс тигенде, сыздауыққа, сары қотырға пайдаланған.

Насыбайды тұмауға иіскеткен.

Оттықтың күкіртін безгекке, тері ауруларына пайдаланған.

Сары майды жарыққа жағып, тұмауға ыстық сүтке салып ішкізген.

Сауысқанның етін сүйек сынғанда, мерез ауруына жеген.

Сауысқанның өтін көз іріңдегенде, көзге перде пайда болғанда ішкен.

Сауысқанның миын қуық тұтылғанда, несеп жолының ашылуы үшін жеген.

Сиырдың өтін көк жөтелге ішкізген.

Солидолды жарыққа жаққан.

Суырдың етін асқазан ауруына жеген.

Суырдың қуығын кептеріп несебі тұтылған кісіге жегізген.

Суырдың майын денеге сары су жиналғанда, буын сырқырағанда жаққан. Қуық ауруларына шүберекке малып таңған.

Суырдың терісін буынға сары су жиналғанда жылыдай таңған.

Суық суды иіс тигенде, ұшынғанда бүріккен.

Суық темірді ісікті қайтару үшін басқан.

Тауешкінің еті мен сорпасын асқазан ауруына пайдалы.

Тауықтың жұмыртқасын күйікке жаққан.

Тауықтың терісін жараға таңған.

Түйенің жабағысын күйікке күйдіріп, күлін сепкен, бел ауырғанда тұзға салып таңған.

Түйенің өкпесін көз ауырғанда пісіріп жылы күйінде таңған.

Шайдың самасын көз ауырғанда ыстық күйінде таңған.

Ыстық құмды бел ауырғанда ыстықтай таңған.

"Қазақ медицинасың ғылыми көкжиектері" кітабынан

Қ. Слямбек