Халық емшілігі: Бел тарту

Ғылыми медицина өркен жайып, елге дәрігерлік қызмет көрсетуге жағдай жоқ кезде ел арасында әйелдердің босануына көмек көрсете аларлық шаралар болған. Бұл өте жауапкершілігі мол жұмыс. Мұндай шараның кейбірі қазіргі кезде де қолданылады.

Мәселен, аяғы ауыр әйелді үйде жалғыз қалдырмауға тырысқан. Жас келінге өз анасы мен сол ауылдың көпті көрген әйелдері ақыл-кеңес айтып, жүкті әйелдерді қауіпті әдеттен тыйып отырған. Аяғы ауыр әйелдің босануына ауылдың немере, шөбере сүйіп отырған көне көз кісілері шақырылады.

Бала туар алдында толғақ басталысымен ауылдың үлкен әйелдері жиналып, үйге арқан керіліп, оған толғақ қысқан әйел асыла сүйеніп, тізерлеп отырады. Босана алмай жатқан әйелге көрсететін пайдалы кеңестердің бірі – "бел тарту" шарасы.

Ол үшін босанатын әйелдің ту сыртынан қапсыра құшақтап, арам шеміршектен төмен қарай сылай тартып, баланың тууын тездетеді. "Бел тарту" балаға да, әйелге де зақым келмейтіндей тәртіппен орындалады. Ал баланың басы қисық жатса, тәжірибелі кіндік шешелер әйелдің ішін қойдың майымен сылай отырып, сыртынан түзейді. Ол әдіс көмектеспеген жағдайда жатырға "қол сұғу" арқылы баланың сыртқы шығуына көмектеседі. Босандырудың мұндай әдісін "қол салу" дейді.

Орыс дәрігері И.Колбасенко ХІХ ғасырдағы қазақ тәжірибесіндегі "бел тарту" әдісінің баланың жылдам тууына шын мәнінде көмегін тигізетіні жөнінде жазып, мұны халық тәжірибесінен туған дұрыс нәтиже деп бағалаған.

Дәрігер Өтеген Әбдіраманның еңбегінен