Көзді уқалағанда "торкөз" көрудің сыры

Көзді ашып-жұмғанда, кейде күнге, жарыққа қарағанда, уқалаған кезде жылжып бара жатқан "жұлдызша", "торкөз", "тізілген нүкте" сынды бейнелер көретініміз бар. Тіпті, көзді жұмсақ та, соны көреміз. Мұның сыры неде екен?

Ең алдымен көздің электромагнит сәулені қабылдаушы мүше екенін ұмытпағанымыз жөн. Көздің ішкі тор қабығына түскен, шағылысқан сәуле электрлі импульске айналып, миға сигнал түрде жетеді де, бейне болып "жарық көреді". Кейде көру бейнесіне сыртқы факторлармен қатар ішкі факторлар да араласуы мүмкін. Мұны ғылымда фосфен деген арнайы терминмен атайды.

Фосфендер дегеніміз – көзге елестеген, жоғарыда айтқан, жылжымалы "торкөз", "пішін мен фигура", "нүкте, жұлдызша". Фосфен көзді уқалаған кезде, яғни, қандай да бір механикалық әсер ету болған уақытта, көздің көру қабілетіне жауап беретін ми қабаты қатты қозған кезде пайда болады.

Мәселен, көзді уқалағанда көздің ішкі тор қабығында орналасқан қабылдау рецепторларын күштеп қозғап, "біртүрлі", фантом бейненің пайда болуына әкеледі: яғни, күш түскен рецептор біраз уақыт миға жалған ақпарат береді де, көзге жұмсақ та, ашсақ та "торкөз, жұлдызша" елестейтіні содан.    

Фосфен жоғары айтқанымыздай, көзге механикалық күш түсірген кезде пайда болады. Яғни, уқалағанда, жарық не сәуле түскенде. Ондай кезде "торкөз", "нүкте" елестеуі заңдылық. Қорқудың қажеті жоқ.

Егер көзге жоқтан өзгеге, себепсіз жылжымалы "торкөз", "нүкте" елестей берсе, қауіптенуге болады. Бұл көз ауруымен бірге мидағы аурудың да белгілері болуы мүмкін.