Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Ағзаны қинап спортпен айналысудың қаупі қандай?
Ағзаны қинап спортпен айналысудың қаупі қандай?

Спортқа жаңа келген әуесқойлар нені ескеруі керек? Жарақаттың алдын алудың жолы қандай? Ағзаны қинап спортпен айналысудың қаупі бар ма? Бұл сұрақтарға кинезитерапевт Валерий Павленко жауап берді.

– Адам спортпен айналыспас бұрын нені білуі керек?

– Адам қандай да бір жаттығу жасағанда немесе спортпен айналысқанда ағзасының шама-шарқын білуі керек. Әйтпесе жарақат алып қалу оп-оңай. Мысалы өзін қинап, ерік-жігері мен денесін сынап жүгірумен, велоспортпен айналысатындардың көбі уақыт өте келе буын артрозына шалдығады. Сонымен бірге жүгірудің, тыныс алудың дұрыс техникасын білмейтіндер инфарктқа душар ететін біршама ауру-сырқауға тап болады. Сондықтан адам спортпен айналыспас бұрын біріншіден өз ағзасының мүмкіндігін білуі керек, екіншіден спорттың табиғатын сезініп, дұрыс техникасын меңгеру керек. Ол үшін дәрігерге немесе методистке тексеріліп, кейін барып жаттықтырушының нұсқаулығын алу керек. 

– Өз денсаулығыңның жай-күйін анықтап беретін қарапайым тест бар ма?

– Бұған профессор Сергей Бубновскийдің айтқанын келтіруге болады: "Ер адам 30 рет серпіле алса (отжимание) және әйел адам (немесе ер адам) еденге отырып, тізесін бүкпей қолын аяқ саусақтарына жеткізе алса, олардың дені сау деуге болады".

– Спортпен кәсіби айналыспайтын, тек физикалық бабын сақтап жүретіндер спортқа қанша уақыт бөлгені дұрыс?

– Бұл спорт түріне байланысты. Физикалық форма үшін спортпен айналысатындарға бір аптада үш рет, әрқайсында минимум 20 минут жаттыққан дұрыс. Ал жаттығу залына 40-60 минут жетеді. Дегенмен әркім физикалық мүмкіндігіне қарай жаттығу жасайды. Біреуге 1 сағат көп, біреуге тым аз болуы мүмкін. Бірақ ең басты қағида – спорт адамды қажытпауы керек, одан тек ләззат алып, өз рахатың үшін айналысуың қажет. Жаттығу залында жүректен жүрек қалдырмай, бұлшықетін жыртып дайындалу – дұрыс жаттығудың көрсеткіші емес. Норманы білу керек. Адам 80 минуттан көп жаттықса, зорыға бастайды. Мейлі ол циклдік, ауыр, стрейчинг жаттығу болса да. 80 минуттан да көп жаттығатын кәсіби спортшылар ғана. Олар мұндай деңгейге жылдар бойы дұрыс жаттығу мен нұсқаулық арқасында жетті.  

Кез келген спортта барлығын біртіндеп бастап, уақыт өте келе салмақ пен қарқынды арттыра беру керек. Дей тұрғанмен мотивацияға беріліп, ағзаны қинауға болмайды. Мұның салдарынан адам психикасы бұзылып, спорттан айнып қалуы мүмкін.

– Жаңадан спортқа келгендерде қандай жарақат жиі кездеседі?

– Бұл да спорттың спецификасына байланысты. Бірақ әуесқой спортшылар бірінші кезекте омыртқасына абай болғаны жөн. Кез келген спорт омыртқаға әсер етеді. Егер спортшының арқа бұлшықеті әлсіз немесе жыртылған болса, оның амортизациялық функциясы кетіп, салмақтың бәрі омыртқаға түседі. Әсіресе воллейбол, баскетбол сияқты секіріп ойнайтын спорттар және жеңіл атлетика да омыртқаға қауіпті спорт саналады. Адам өмірі оның бұлшықетінде. Себебі онда жүйке жүйесі, қантамырлар6 лимфа жүйесі тоғысады. Егер адам ағзасының 60%-ын құрайтын бұлшықет дұрыс жұмыс істесе, қанайналым жүйесі, лимфа жүйесі, иннервация, метаболизм де дұрыс жұмыс істейді.

Дайындаған: Әлібек Оразбай
Фото: dribbble.com/roaddesign
Қосылған күні: 24 сәуір, 17:14
Тегтер: спорт, денсаулық,