Гистероскопия деген не?

Бүгін нәзік жанды оқырмандарымыздың назарына А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының гинеколог дәрігері Тореева Шахсанем Муратбайқызы бөліскен пайдалы ақпараттарды ұсынамыз.

Гистероскопия – жатыр қуысына (қынап және жатыр мойны каналы арқылы) гистероскоптың енгізілуі арқылы жүзеге асырылатын гинекологиялық манипуляция.

Гистероскоп - микроскопиялық камерамен жабдықталған аспап. Бұл аспап қынап, жатыр мойны каналы, жатыр қуысы, жатыр түтіктерінің сағалары жағдайларын визуалды бағалауға мүмкіндік береді. Атауы гистеро – "жатыр" және скопия – "қарап-тексеру" сөздерінен шыққан.

Гистероскопияның диагностикалық және шұғыл (хирургиялық) деген екі түрі белгілі. Диагностикалық гистероскопия бедеулік кезіндегі жатыр факторын жоққа шығару үшін диагностикалық мақсатта жүргізіледі. Ал шұғыл (хирургиялық) гистероскопия кезінде гистерорезектоскопия орындалады.

Шұғыл гистероскопия – эндоскопиялық аз инвазивті (аз травматикалық) гинекологиялық араласу. Бұл процестің барысында жатыр қуысына гистерорезектоскоп енгізіледі.

Гистерорезектоскоп – миоматоздық түйінді жою, жатыр қуысы полиптерін алып тастау сияқты жатыр ішілік түрлі патологияларға шұғыл ем жүргізуге мүмкіндік беретін аспап.

Гистероскопияны жүргізу үшін жатыр мойны каналы арқылы жатыр қуысына гистероскоп енгізіледі. Оның көмегімен жатырдың шырышты қабатының бейнесі монитордың экранына шығарылатын болады. Осылайша, гистероскопияны жүргізуші дәрігер шырышты қабаттың жағдайын визуалды бағалап, өзінің әрбір әрекетін бақылай алады. Жатыр қуысы қарап-тексерілгеннен кейін, қажет жағдайда биопсия алынады немесе басқа да манипуляциялар жүргізіледі. Қосымша құралдар жатыр қуысына гистероскоп порттары арқылы енгізіледі. Гистероскопия жатыр қуысынан гистероскоптың шығарылуымен аяқталады.

Диагностикалық гистероскопияны қажет ететін көрсетілімдер:

- Пременопауза немесе постменопауза кезінде жатырдан аномалды қан  кету;

- Миоманың шырышасты түйіндеріне күдік пайда болғанда;

- Менструалдық циклдың бұзылуы;

- Бөгде затты алып тастау (жатыр ішілік спираль, ұрықты жұмыртқа қалдықтары);

- Ультрадыбыстық зерттеу кезінде анықталған эндометрия патологиясы  (полиптер, эндометрия гиперплазия, эндометрия қатерлі ісігі).

- Бедеулік. Жатыр қуысындағы ішкі эндометриозға, синехияға (өсінді) күдік болғанда;

- Жатырдың даму ақаулары анықталғанда.

Гистерорезектоскопияға көрсетілімдер:

- Шырышасты миомалар (гистероскопиялық миомэктомия)

- Жатыр эндометриясының полиптері

- Жатырішілік қалқа

- Жатырішілік өсінділер

- Бөгде затты алып тастау (жатырішілік спираль)

- Зарарсыздандыру

 Гистероскопияға қарсы көрсетілімдер:

- Үдемелі жатырішілік жүктілік. Гистероскопия жүргізуден бұрын пациенттерде жүктіліктің болмауы міндетті түрде анықталуы керек.

- Диагностикаланған жатыр мойны қатерлі ісігі немесе эндометрия қатерлі ісігі.

- Кіші жамбас мүшелерінің инфекциясы. Кіші жамбас мүшелерінің инфекциясын емдеу – гистероскопия жүргізу алдындағы басты шарт. Кері жағдайда кіші жамбастағы созылмалы ауруларға, бедеуліктің түтіктік факторына, инфекциялық процестің шоғырлануына, кей жағдайда тіпті ажал құшуға әкеп соқтыратын гинекологиялық инфекциялардың таралу қаупі артады.

Ауырсынуды басу (жансыздандыру) жүргізілетін операцияның түріне байланысты. Диагностикалық гистероскопия көп жағдайда жергілікті анестезия арқылы немесе АУЫРСЫНУДЫ БАСУСЫЗ орындалады.

Гистерорезектоскопия кезінде таңдау құрамдастырылған анестезияға беріледі.

Эндометрия полип, эндометрия гиперплазия, субмукоздық түйін сияқты патологияларды анықтау кезінде гистероскопияның диагностикалық мүмкіндігі көбірек. Сондай-ақ науқасты емдеу әдісін (консервативтік, хирургиялық) таңдауға, операциялық манипуляцияларды жүргізуге, емдеудің тиімділігін бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, гистероскопиялық операциялар бала тууға қабілетті науқастар үшін үлкен маңызға ие. Өйткені мұндай операциялар – органды сақтап қалатын операциялар.