Нобель лауреаты коронавирус зертханада жасалғанын айтты

Нобель лауреаты коронавирус зертханада жасалғанын айтты
Фото: listaj.ru

2008 жылы медицина бойынша Нобель сыйлығы лауреаты атанған француздың әйгілі биологы және вирусологы Люк Монтанье коронавирустың жаңа түрі – Covid-19 Қытайдың Ухань қаласындағы зертханада жасалды деп есептейді.

Ғалым "Pourquoi docteur" интернет сайтына берген сұқбатында Covid-19-дың жануар базарында таралғанына сенбейтінін айтты.

"Covid-19 Уханьдағы зертханада өндірілген. Мұны мұқият зерттедім. Бұл зертхана 2000 жылдары коронавирус үшін арнайы құрылған. Мүмкін зерттеушілер ЖИТС-ке қарсы вакцина табуға тырысқан шығар. Вирус табиғи түрде пайда болмаған, бұл кәсіби жұмыс. Менің міндетім – фактілерді көрсету. Ешкімді кінәламаймын, оны кім және не үшін жасағанын білмеймін", - дейді вирусолог Монтанье.

AliExpress, банан және алкоголь: Коронавирус туралы кең таралған фейк жаңалықтар

Монтанье мұны француз математигі Жан-Клод Перестің ғылыми зерттеу нәтижесіндегі вирус құрылымына сүйене отырып жасаған.

Бұдан бұрын вирус АҚШ денсаулық сақтау институттары қаржыландырған эксперименттерден кейін пайда болды деген болжам айтылған.

CNN-нің хабарлауынша, АҚШ барлау қызметі коронавирустың Уханьдағы вирусологиялық зертханада өндірілген деген айыптауды тексеріп жатыр.

Жақында Ұлыбританияның Daily Mail басылымы вирус таралған деп есептейтін зертханада ғалымдар вирустың көзі болған бір үңгір жарқанаттарына тәжірибелер жүргізгенін жазған еді. Құжаттарда Ухань вирусология институты шынында да Юньнань провинциясынан 1600 шақырым қашықтықта орналасқан үңгірде сүтқоректілерге тәжірибе жасаған. Бұл тәжірибелерге АҚШ үкіметі 3,7 миллион доллар қаражат бөлген.

Коронавирус: жарқанаттар не себепті қауіпті вирустар тасиды?

Басылым өткен аптада осы хабарды жариялаған соң эпидемия шынында да Уханьдағы вирусология институтынан таралды деген пікірлер көбейді.

Ұзақ уақыттан бері "қастандық теориясының" тақырыбы болған бұл талап Washington Post жариялаған ақпараттан кейін тағы да күн тәртібінің негізгі мәселерінің біріне айналды. Газетте Ухань вирусология институтының зертханасына барған елшіліктің екі қызметкері 2018 жылдың қаңтарында Сыртқы істер министрлігіне зертхананың қауіпсіздік шаралары жақсы емес екенін және мұнда жүргізілген жұмыстар SARS (жедел респираторлық синдром) таралуына әкелуі мүмкін деп ескерткен.

Айта кету керек, бұл зертхана эпидемияның басталу нүктесі ретінде белгілі жануарлар базарынан бірнеше шақырым жерде орналасқан.

CNN АҚШ үкіметі вирустың биологиялық қару ретінде қолдан жасалғанына сенбейтінін хабарлады. Алайда, "Covid-19" зертханадан кездейсоқ таралғаны немесе онда жұмыс істейтін маман абайсызда жұқтырып, басқаларға таратқаны тексеріліп жатыр.

16 сәуірде АҚШ штаб бастығы генерал Марк Миллеидан: "Барлау бұл айыптауларды мұқият зерттеді және вирустың табиғи жолмен пайда болғанына сенімді дәлелдерге қарамастан әлі нақты қорытындыға келген жоқ" деді.

CNN вирус "Уханьдағы зертханада пайда болды" деген теорияны Трамптың жақтаушылары мен Конгресстегі республикашылдар тарапынан күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

Daily Mail болса АҚШ-тың көмегімен Ухань зертханасында жарқанаттарға тәжірибе жүргізгенін хабарлады.

Зерттеу нәтижелері 2017 жылдың қарашасында "SARS-тан коронавирустардың бай гендік қорын табу, SARS коронавирустың пайда болуы туралы жаңа түсініктерді ашады" деген атаумен жарияланған.

Коронавирус туралы соңғы мәліметтер

Зерттеу қорытындысында: "Юньнань провинциясы үңгіріндегі жарқанаттарға тәжірибе өткізілді. Барлық сынама алу талаптарын Ухань вирусология институтының жануарлар этикасы комитетінің келісімімен ветеринарлар жүргізді. Жарқанаттардың сынамалары 2011 жылдың сәуірінен бастап 2015 жылдың қазанына дейін Қытайдың Юньнань провинциясындағы Кунмингте (үңгірде) әр маусымда он рет алынды", - делінген.

Өткен аптада Уханьдағы Джинцинтан ауруханасының дәрігері Сао Биннің мәлімдемесінен кейін "вирус базарда таралды" деген теорияға көптеген маман күмәнмен қарай бастады. Оның мәлімдемесіне сәйкес, инфекция диагнозы қойылған алғашқы 41 науқастың 13-і базарға бармаған.

"Жануарлар базары вирустың жалғыз көзі емес екені анық", - дейді доктор Бин.

Айта кетейік, мұндай айыптаулар бұрын да болған. Осыған орай Ухань вирусология институтының директоры, профессор Юань Чжимин SARS-CoV-2 коронавирусын жасанды түрде жасау туралы айыптауларға түсініктеме берді. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасы хабарлады.

"Бұл вирус бізге ешқандай жасанды жолмен келмеген", - деп атап өтті профессор. Сарапшының айтуынша, вирустың адамдар синтездегені туралы ешқандай дәлел жоқ.

"Кейбір ғалымдар вирусты синтездеу ерекше ақыл мен үлкен жұмысты қажет етеді деп санайды. Сондықтан мен, қазір адамдар осындай вирусты қолдан жасайтынына сенбеймін", - дейді ол.

Юань Чжимин коронавирустың зертханадан шығу тегі туралы бірқатар мәліметтер мен айыптауларды дәлелденбеген хабарлар деп атады. Вирусология институтының жетекшісі зертхана Уханьда орналасқандықтан, әлемде пандемия біткенге дейін адамдар арасында мұндай күдіктер жойылмайтынын айтты.

Ғалым сонымен қатар зерттеу институтында бірде-бір қызметкері вирус жұқтырмағанын атап өтті.

Т. Раушанұлы