Пандемия: Көзәйнек пен линза тағуға бола ма?

Пандемия: Көзәйнек пен линза тағуға бола ма?
Фото: yandex.kz

АҚШ, Канада, Ұлыбритания мен Аустралияның офтальмолог-ғалымдары COVID-19 пандемиясы кезінде көзәйнекті қалай кию керек екені туралы зерттеу жұмысын Contact Lens & Anterior Eye журналына жариялады.

Жалпы, зерттеу нәтижесі мен ғалымдардың берген кеңесі 5 бөлікке бөліп берсек болады.

Біріншіден. Пандемия кезінде көзге линза тағуға болады. COVID-19 инфекциясы линзадан жұғады деген еш ғылыми дерек жоқ. Ал көзәйнек не линзаның қайсысын таққан жөн – ол дәрігердің кеңесі мен адамның қалауына байланысты.

Екіншіден. Линзаны тағу кезінде гигиена мен тазалыққа баса мән беру қажет. Қолды жақсылап жуып, линзаны құрғақ қолмен алып көзге таққан жөн. Линзаның күтіміне де мән берген абзал. Қапшығын сүртіп, дезинфекция жасаудың артықшылығы жоқ. Ал көзәйнекті ыстық сумен сабын көпіртіп жуған жақсы.

Үшіншіден. Көзәйнек коронавирустан қорғайды деген – жай сөз. Оны дәлелдейтін ешқандай ғылыми дерек пен зерттеу жоқ.

Төртіншіден. Көзәйнек пен линза тағып жүрген адамға берілер басты кеңес – қолды көзден алшақ ұстау. Қайта-қайта көзді ұстап, уқалай беруге болмайды. Мұрын мен бетке, ауызға да жақындата бермеген жөн. Қолды жуып барып ұстаған абзал. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген кеңесі мен нұсқауы.

Бесіншіден. Коронавирус жұқтырғандарға линзаның орнына уақытша көзәйнек таға тұрғаны жақсы. Аурудан айыққаннан кейін жаңа линза алып тақсаңыз болады. Ескі линза мен футлярдың көзін құртыңыз.

- Пандемия кезінде линза тағуға болады. Бірақ қолды дұрыс жуып, линза мен қапшығына ұқыпты қарап таза ұстау керек. Өкінішке орай, пандемия басталғанда көзәйнек  пен линза жайлы кереғар пікірлер көбейіп кетті. Бұған ғылыми негіздеме беру үшін офтальмологиялық зерттеу жасадық, - дейді Канададағы Ватерлоо Университетінің Көз зерттеулері орталығының директоры, мақала авторы Линдон Джонс (Lyndon Jones).

Қ. Слямбек