Дұрыс тыныс алуды үйреніңіз

Дұрыс тыныс алуды үйреніңіз
Фото: yandex.kz

Тыныс алу – адамның табиғи физиологиялық қажеттілігі. Адам жай жатқан күннің өзінде 1 минутта 14 рет тыныс алады. Ал күніне 20 мың рет тыныстайды.

Адамның дұрыс тыныс алғаны өте маңызды. Өйткені ағзадағы зат алмасу процесі тікелей соған байланысты.

Дұрыс тыныс алудың шарты қандай?

Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Санжар Асфендияров адам ауызбен емес, мұрынмен тыныс алу қажет деген. Дұрыс тыныс алудың алғашқы шарты да осы – мұрынмен тыныс алу.

Мамандардың айтуынша, дұрыс тыныс алмау  жаман әдет, оны ерте доғармаса, ретке келтіру қиын болады. Мұндай әдет күйзеліске, құрысу мен бұлшықеттердің түйілуіне алып келеді. Дұрыс тыныс алмаған адам шаршаңқы жүреді, жүрек қан тамырлары мен жүйке жүйесіне салмақ түседі.

Қалай тыныстаған жөн?

Тыныс алу – бүкіл ағзаның жұмысын реттейтін құбылыс. Мамандар тыныс алуға көңіл бөлу керектігін бұрында байқаған. Мәселен, Google және Nike сынды компаниялар қызметкерлеріне дұрыс тыныс алудың жолдарын үйретіп, тиімді жұмыс жасауды әдетке айналдырған.

Адамның дұрыс тыныс алуы – оның өміріне де, денсаулығына әсер ететін бірден-бір фактор. Адамның физиологиялық, психологиялық саулығы, ұйқысы мен дене салмағы, күш-қуаты – бәрі-бәрі тыныс алуға байланысты. Мәселен, адам қорыққан, үрейленген, стресс жағдайға түскен сәтте тынысы жиілейді. Содан адам ағзасы стреске түседі. Егер адам терең тыныс алып, бүкіл диафрагманы іске қосса, жүрек тынышталып, бүкіл ағза «сабырға» келеді. Ал ағзасы тыныш, көңіл-күйі тұрақты адамның жұмысы да нәтижелі, ойлауы да жемісті болмақ.

Сондықтан ағзаның жұмысын дұрыс жолға қою үшін терең тыныс алып, бүкіл көкірегіңізбен ауа жұтыңыз. Сонда күйзеліс гормоны азаяды.

Гормоналды норманы сақтау үшін терең тыныс алудың техникасын меңгерген жөн. Терең тыныс алған кезде асқазанды ары-бері қозғау керек. Мұны диафрагмалы тыныс алу деп атайды. Тыныс алған кезде асқазанның жоғарғы жағы кеңейіп, қабырғаның асты созылады. Ал тыныс шығарған кезде асқазан кішірейіп, бұлшықет жиырылады. 

Терең тыныс алғаннан кейін зат алмасу жақсарып, қанға көп оттегі барады.

Қ. Слямбек