Азық-түлікке түскен коронавирусты қалай жоямыз?

Азық-түлікке түскен коронавирусты қалай жоямыз?
Фото: yandex.kz

Коронавирус адамға бірнеше жолмен жұғады. Көбінесе сілекей, дем тамшылары арқылы жұғуы мүмкін. Коронавирустың ауада бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін өмір сүретінін ескерсек, қатты заттың үстіне (қағаз, ағаш, шыны, т.б.) түскен вирустың адам қолымен өзіне жұғуы оп-оңай.

Азық-түлік дүкені – адам көп баратын орын. Оған коронавирусқа шалдыққан адам да барып, вирус белгілерін қалдырып кетуі мүмкін. «Росконтроль» Бүкілресейлік тұтынушылар одағының хабарлауынша, коронавирус дайындалған тағам, қайнатылған ас арқылы жұғуы екіталай, бірақ сол күйде желінетін жеміс-жидек, көкөніс сияқты қапталмаған тауарлар арқылы жұғуы әбден мүмкін.

- Мәселен, ауру жұқтырған адам алманың үстіне түшкіріп, оны басқа адам жесе, онда оған вирус жұғуы мүмкін, - дейді ұйым мамандары.

Сондықтан мамандар жеміс-жидек пен көкөністерді жақсылап жуып барып жеу керек дейді. Ал қаптамадағы азық-түліктің (судың бөтелкесіне, йогурттың қақпағына, т.б.) үстіне вирус түсіп, оны бетіне жақындатқан адамға коронавирус жұғуы мүмкін деген болжам шындыққа келеді, бірақ олай бола қоюы екіталай.

Ал АҚШ-тағы Огайо Университетінің қызметкері Санджа Иличтің (Sanja Ilic) айтуынша, коронавирус асқазан, ішек ауруларын туғызушы вирус емес, сондықтан COVID-19 инфекциясы тағамда өмір сүре алмайды.

- Дүкенге кіргенде әлеуметтік арақашықтықты ұстаныңыз, 2-2,5 метрдей қашықтық болсын. Үйге әкелген жеміс-жидекті жақсылап жуу керек. Ағыны қатты сумен жуған жақсы. Тамақты 75 градус ыстықты қыздырған жөн, - дейді Санджа Илич.

Маманның айтуынша, мейрамханаға тапсырыс беру арқылы дайындалған тағамнан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені ыстық тағамнан вирус жұқты деген дерек жоқ.

Қ. Слямбек