Тер иісі арқылы қылмыскерді табуға болады

Тер иісі арқылы қылмыскерді табуға болады
Фото: alashainasy.kz

Қазақта «Арам тері шықпаған екен» деген сөз бар. Терді «арам» деп атау оның құрамындағы 200-ге жуық у мен токсин, тұздың қоспасына қарата айтылған. Сондықтан кейбір зерттеушілер тердің құрамын зәр құрамымен бірдей деп санайды. Яғни тер – ағзадағы зат алмасу процесінің бірі. Назарларыңызға тердің пайдалы және зиянды тұстарын ұсынамыз.

Теріге ұлғайтқыш әйнек арқылы қарағанда ұсақ саңылауларды көруге болады. Сол саңылаулар арқылы ағзадағы зиянды заттар термен бірге сыртқа шығады. Дүниеге жаңа келген сәбидің 3-4 аптадан соң тер бездері жетіле бастайды. Деректерге қарағанда адам өмірінің соңына дейін 20 мың литр тер бөліп шығарады. Ағзаның шамадан тыс қызып кетуінен сақтайтын да, денедегі жылуды реттейтін де тер. Терлеу процесі негізінен жаз мезгілінде көп болады. Терінің қызметі ағзадағы су алмасуды жалпы реттеуде өте маңызды. Адам тер арқылы шамамен тәулігіне 1,5 литр су жоғалтады. Ал құрғақ, ыстық атмосферада 3-4 литрге дейін су сыртқа шығады.

Адам ағзасында артық заттар (нәжіс, зәр, тер, токсиндер, үлкен және кіші дәрет, т.б.) жас және тер арқылы сыртқа шығады. Олардың құрамында неше түрлі у мен токсин, натрий тұзы, қышқылды минерал болады. Егер олар сыртқа шықпаса, адам уланады (интоксикация).

Адам денесінің ең тершең бөлігі – қолтық. Қолтықасты бездерінің басты қызметі – тер арқылы ағзаны тазарту. Бүгінде көршілік антиперспирант пен дезодорант себу арқылы қолтықтың терлеуін тоқтатып жатады. Мұның зиянды тұстары да бар. Антиперспирант қолтықасты безіне сіңіп қолтықасты безінің бүрлерінің аузын жауып, бітеп тастайды да тер ақпайтын болады. Бұдан қолтықасты безі қызметі бұзылып, тер кері қарай денеге жайылады. Ал тер құрамындағы жоғарыда атап өткен зиянды қоспалар сыртқа шыға алмай ағзаны бүлдіреді. Әсіресе омыртқа бойына, жауырын астына, арқа буындарына, мойын және бас сүйегінің бұлшық еттері мен буындарына тарайды. Арқаға тұз жиналу, жауырын жабысу, мойын құрысу негізінен қолтықтан ақпай қалған тердің салдарынан деуге болады. Одан қала берді қолтықтың қан айналымы бұзылып, жағымсыз иістер шыға бастайды.

Әйел адамдарда қолтықтан сыртқа шықпаған тер омырауға дейін таралады да, сүт безін зақымдайды. Тердің құрамындағы тұз бен токсин жинала-жинала тасқа айналып, сүт безі ісігі – мастопатияның туындауына алып келеді. Мұндай ісіктердің асқынуы онкологиялық дерттерге алып баруы мүмкін. Ең дұрысы жарнамаларда «24 сағат бойына әрекет етеді» делінетін антиперспирант пен дезодорантты қолданудың мөлшерін біліп, гигена талаптарын орындап жүру қажет. Басқа адамдардың киімін, аяқ киімін киюге әуестенбеген жөн.

Медицинада терлемейтін адамды ауру адамдардың қатарына жатқызады. Ал қатты тершең болудың да өзіндік кері әсері бар. Өйткені кей адамдар мұны өздерінің кемшілігі санап, топты ортада қысылып, көпшіліктен алыстап жүреді. Гигиена талаптарымен қатар күнделікті тұтынатын ас мәзіріне де аса мән беруі керек. Ең дұрыс шешім – спортпен айналысу. Себебі қимыл-қозғалыс кезінде денеден көп мөлшерде тер бөлініп, ағзадан улы заттар шығып, жағымсыз иістер азаяды. Спортпен айналысып көп терлеген адамның бүйрегінде, бауырында тас, құм болмайды және өт жолдары бітелмейді, ұйқысы тыныш болады. Аптасына 3-4 рет жүгіріп, тер шығарған адамның барлық іске құлшынысы жоғарылайды, сергек қимылдап, тәбеті ашылады.

Тер бездері

Тер бездерінің саны әр адамның дене ерекшелігіне байланысты 2-2,5 миллион шамасында болады. Әсіресе маңдай, бет, алақан, қолтық, аяқта тер бездері көбірек. Тер бездері экринді және апокринді болып екіге бөлінеді. Экринді тер бездері дененің барлық жеріне тарай орналасқан. Экринді тер бездері терінің 75%-ында, ал апокринді тер бездері 25%-ында таралған. Апокринді тер бездері көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Олар дененің белгілі бір бөлігінде ғана орналасқан. Мәселен, қолтық, маңдай, жыныс мүшелерінде. Басқа аурулардың себебі болмаса, ішімдік, түрлі дәмдеуіштер, ащы тағамдар көп тұтынбайтын адамдарда тердің түсі мөлдір, иіссіз болады. Әр адамның терінің иісі әр түрлі, тіпті қылмысты анықтау барысында затқа сіңген тер арқылы адамды тауып алуға да болады.

Н. Үсенова