Ана мен бала саулығы – ұлт байлығы

Ана мен бала саулығы – ұлт байлығы
Фото: egemen.kz

Ана мен бала денсаулығы – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі ұлттың болашағы – алтын құрсақты аналарымыз бен бесіктегі бүлдіршіндеріміз. Ал оларға әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттің басты назарында.

2019 жылы ана мен баланы қолдауға бюджеттен және МӘСҚ-дан 372,4 млрд теңге бөлінді. Ал биылға бөлінген қаржы айтарлықтай артқан. Нақтырақ айтар болсақ, 2020 жылы ана мен баланы қолдауға 693 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл 8 мемлекеттік жәрдемақы мен 3 төлемді қамтитын болады.

Жыл басынан бері 45 904 ана бала туу бойынша біржолғы жәрдемақы алды. 1 наурызға дейінгі жағдай бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңге төленді. Бұл мақсатқа 2020 жылы 45,2 млрд теңге бағытталады.

2020 жылы бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 100 738 теңгені құрайды, ал төртінші және одан кейінгі балаға 63 АЕК бойынша 167 013 теңге төленеді.

Жыл басталғалы 138,8 мың адамға бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жалпы сомасы 5,8 млрд теңге берілген. Биыл бұл жәрдемақы бойынша  39 млрд жұмсалатын болады.

Ана мен бала саулығы – ұлт байлығы. Ұлт байлығын сақтауда мемлекет барынша жағдай жасауда. Мәселен отбасындағы кірістерге қарамастан жәрдемақы жұмыс істемейтін ата-аналарға да беріледі. Сондай-ақ төртінші балаға дейінгі балалар санына қарай ұлғаяды (бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 15,270 теңге, екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 18 054 теңге, үшінші балаға – 7.85 АЕК немесе 20811 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға– 8,9 АЕК немесе 23 594 теңге).

2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге сомасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төлем алды. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 86,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

Жұмыс істейтін ата-аналарға да Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдер беріледі. 234,7 мың адамға 15,3 млрд теңге сомасында төленген.

- Жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін бірқатар жәрдемақылар қарастырылған. Сонымен, бала туу және 1 жасқа дейінгі баланың күтімі үшін жұмыс істемейтін аналарға бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы, ал жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер қарастырылған. 2019 жылы бюджеттен 78 млрд теңге, МӘСҚ-тен 167 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы бюджеттен 84 млрд теңге және МӘСҚ-дан 187 млрд теңге бөлінеді, – дейді Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 2020 жылы 43 657 теңгені құрайды. Биыл барлығы 48,1 млрд теңге бөлінді.

18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейіне (43 657 теңге) тең. Бұл мақсатқа биыл 8,6 млрд теңге қарастырылған.

"Алтын алқа" және "Күміс алқа" алған көпбалалы аналардың жәрдемақысына биыл 47,5 млрд теңге бөлінді. Төлемнің орташа мөлшері 16 967 теңгені құрайды.

Болжам бойынша 2020 жылы бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде жұмыс істейтін әйелдер үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға 5,9 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларды қолдау 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы төлеу есебінен қамтамасыз етілді. Аталған мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде төленеді: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге. 2020 жылдың 2 айында 382 мың отбасы жәрдемақы алып, 36 млрд теңге төленді.

Ана мен бала саулығы – отбасы бақыты. Бақытты отбасы – ұлт болашағының айнасы. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер де ана мен бала саулығы үшін жасалып жатқан ең қажетті игіліктердің бірі.

Н. Үсенова