Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған науқастың жағдайы нашар

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған науқастың жағдайы нашар
Фото: yandex.kz

Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған науқастардың бірінің жағдайы нашарлап кетті. Қалғандары қалыпты. Мұны қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова хабарлады.

- Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген үш науқас туралы айтар болсақ, біреуі 21 наурыз күні түнде анықталды. Ол – бұрын ауру жұқтырған адаммен байланыста болған адам. Оны зертханалық тексеріс анықтады, - дейді Кисикова.

Ал қалған екеуі бүгін, 22 наурыз күні, анықталған. Біреуі – Қазақстан азаматы, стационарда пневмониямен жатқан адам екен.

- Тексеріс кезінде оның да коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Дене қызуы жоқ, бірақ жағдайы ауыр. Өкпесі қабынған, - деді бас дәрігер.

Екіншісі – елшілікте жұмыс істейтін шетелдік азамат. Ауруы Қазақстанға келген кезінде анықталған.

- Қалған науқастардың жағдайы қалыпты. Дене қызуы орынша. Коронавирус инфекциясын емдеу нұсқаулығы бойынша ем-дом қабылдап жатыр, - дейді дәрігер.

Айта кеткен жөн, бүгін таңертең Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған тағы екі адам анықталған еді. Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 56-ға жетті: елордада – 31 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағандыда – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам.

Қ. Слямбек