Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Табиғатта коронавирустан да қауіпті вирустар бар
Табиғатта коронавирустан да қауіпті вирустар бар

Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус табиғатта кездесетін басқа да қауіпті вирустардың жанында ештеңе емес. Мұндай вирустар бұдан да ауыр пандемияны өршітуі мүмкін. Қазіргі коронавирус бұрындары ауық-ауық тарап, елді жайпаған оба дертінен жеңілдеу. Мұны әскери дәрігер, РФ запастағы медициналық қызмет подполковнигі Алексей Водовозов айтты.

РИА Новости-ге сұхбат берген әскери дәрігер табиғатта коронавирустан да қауіпті вирустардың бар екенін әрі оған абай болмаса, кез келген уақытта әлемге тарап, пандемия туғызуы мүмкін екендігін айтады.

- Коронавирус пандемиясы бірінші рет тарап отырған жоқ, бірінші тарағаны – шошқа тұмауы, H1N1 инфекциясы. Қазір адамзаттың өмір сүру аймағы кеңейіп, жаңа жерлерді игеріп жатыр. Жаңа жерді игерген сайын сол ареалда мекендейтін жан-жануарларға да жақындап келеді. Ал жануарлардың ағзасында біз білмейтін қаншама қауіпті вирустар мен бактериялар бар. Олар адам ағзасына түссе, емін-еркін тарайды. Шошқа тұмауы да, мына коронавирус та адам үшін сабақ болуы тиіс, - дейді Водовозов.

Дәрігердің айтуынша, мына коронавирустың «тактикалық-техникалық жағы» біршама әлсіз.

- Әрине, бұл коронавирусты қауіпсіз деп айтуға келмейді. Тұмаумен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті әрі өлім көп. Алайда вирусқа шалдығып, жазылып жатқандар да көп. Көбі сауығып жатыр. Мұндай вирустардың адамға қасірет туғызар қауіппен келуі де мүмкін еді. Мәселен, ауырғандардың 90 пайызы қазаға ұшыраса... Ал табиғатта мұндай вирустар бар. Оған әлем дайын емес, - дейді дәрігер.

Египетте 541-750 жылдары тараған Юстиниан обасынан әлем халқының 40 пайызын, 1346-1353 жылдары тараған Қара өлім обасынан Еуропа жұртының 60 пайызын қырылған.

- Мұндай ауруды қоздыратын микроағзалар әлі күнге дейін табиғатта бар, өмір сүруде. Ол тараса, адамзат қауқарсыз қалады, - дейді маман.

Дайындаған: Қымбат Слямбеков
Фото: yandex.kz
Қосылған күні: 20 наурыз, 11:50