Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Гиппократ анты: Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты қандай?
Гиппократ анты: Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты қандай?

Гиппократ – дәрігерлік ілімнің атасы саналатын ежелгі оқымыстысы. Ол адам баласын түрлі ауру-сырқаудан, кесапаттан сақтандыру мақсатында көп еңбектенді. Бұл жолды адамзат алдындағы парызы деп білді. Платон, Аристотель сынды кемеңгерлер де оның ілімін мойындап, "ұлы" деп атақ берді. Ал Гиппократтың өз анты болды.

Гиппократтың антынан

"Өзімнің әл-қуатым мен ақылым жеткенше адал орындауға ант беріп, мойныма мына міндеттерді аламын: мені дәрігерлік өнерге үйреткенді өзімнің әке-шешеммен бірдей санаймын, онымен өз табысымнан қарайласып қажет болса қалса оның мұң-мұқтажын бөлісемін, оның ұрпақтарын өз бауырымдай көріп, егер олардың бұл өнерді үйренгісі келсе, еш ақысыз-пұлсыз және ешқандай шартсыз-ақ сабақ беремін.

Өзімнің әл-қуатым, ақыл-ойым жеткенше сауығу режимін аурудың жанына жайлы етуге бағыштаймын, зәредей де нұқсан келтіріп, әділетсіздік жасаудан бой тартамын. Өзі өтінсе де ешкімге өлетін шара қолданбаймын және оның жолдарын да меңземеймін, сондай-ақ еш әйелдің бала тастауына себепкерлік жасамаймын.

Өз өмірім мен өнеріме дақ түсірмей, мұнтаздай таза, ақаусыз сақтап өткіземін. Қай үйге кірсем де ол үйдің табалдырығын арам пиғыл, зымияндық ойдан аулақ, тек ауруға шапағат тигіземін деген ақ ниетіммен аттаймын...

Емдейін, емдемейін – біреудің сыртқа шығармауға тырысатын өмірінің құпия сырларын көрмеймін де естімеймін, ондай нәрселерді өле-өлгенше ішімде сақтап өтемін. Осы берген антымды бұлжытпай орындаған менің ғұмырыма баянды бақыт қонып, өнерім өркендей берсін, жұрт алдында мәңгі абыройлы болайын; бұл антты бұзған және өтірік ант етушілер осыған қарама-қарсы сазайын тартсын"

Халық үшін, ел үшін қажымай, талмай еңбек етіп келе жатқан қазақ дәрігерлері үшін де бұл ант қасиетті ереже саналады. Дәрігерлік жұмыстағы адалдық – қазақ дәрігерлерінің айнымас серті.

Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты

"Медицина қауымдастығына өз еркіммен кіріп, мен (аты-жөні)  жазбаша міндеттеме алып, оны адал орындауға салтанатты түрде ант етемін. Болашақта халқыма қалтықсыз қызмет етіп, медициналық қауымдастықты дәстүрлі мейірбандылықпен дамыта отырып сақтауға және науқастың жазылып, дені сау болуы – қызметімнің басты принципі, менің жоғарғы бағам үшін ант етемін.

Өзіме дәрігерлік өнерді үйреткен кісіні, оған деген ізгі ниетімді, сый-құрметімді мәңгі-бақи сақтайтындығым үшін ант етемін.

Кез-келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса, тегін, әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін.

Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге тіпті, ол қайтыс болып кетсе де жарияламайтындығым үшін ант етемін.

Медицина жетістіктерімен үнемі танысып, дәрігерлік шеберлігімді үздіксіз дамытып, "адамгершілік" атты ардан өзімді жоғары ұстаймын деп ант етемін.

Барлық іс-қимылдарымды Қазақстан Республикасының дәрігерлік Этика қағидаларына сай жасаймын деп міндеттеме аламын.

Осы антты өз еркіммен, адал жүрегіммен беремін. Дәрігерлік парызымды ар-ожданыма сүйеніп орындаймын".

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Фото: baq.kz
Қосылған күні: 19 наурыз, 10:02