Антибиотик коронавирусты емдей ала ма?

Тыныс алу жолдары нашарлап, ауру қабынған кезде дәрігерлер науқас адамға антибиотик жазып беретіні белгілі. Ал COVID-19 инфекциясының басты белгісі – өкпенің қабынуы (пневмония). Дәрігерлер бұған да антибиотик жазып беруі тиіс еді, бірақ одан көмек жоқ көрінеді.

Өйткені COVID-19 инфекциясын таратушысы – вирус. Ал антибиотик микроб пен бактерияларды, саңырауқұлақтарды өлтіруге күші жетеді де, вирусқа шамасы жетпейді.

Антибиотик бактерия не саңырауқұлақ арқылы тараған инфекцияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сондықтан дәрігерлер коронавирусқа шалдыққан науқасқа басқа бактериялды инфекциялар ішке түсіп кетпесін деген ниетпен антибиотик тағайындап бере алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында, «Көп қойылатын сауалдар» бөлімінде «Антибиотик бактерияға ғана қарсы тұра алады. Коронавирус инфекциясын емдеу мен алдын алуға антибиотик көмектесе алмайды. Бірақ COVID-19 белгісімен ауруханаға түскен науқастарға дәрігерлер басқа бактериалды инфекциялар тарап кетпесін деп антибиотик жазып беруі мүмкін» деп жазылған.

Коронавирусқа шалдыққандарға антибиотик берудің тағы бір себебі – ауыр әрі қауіпті вирустар бактериалды инфекцияларды тез туғызатындығында; саңырауқұлақ пен бактерияның тез өнуіне орта жасап беретіндігі. Ал бұған жол бермеу үшін антибиотик қажет.

Өкінішке орай, қазір коронавирусты емдейтін дәрі-дәрмек не екпе жоқ. Ғалымдар әлі емін таба алмай отыр.

- Коронавирустан қабынған инфекцияны емдейтін, алдын алатын дәрі-жәрмек жоқ әзірше. Ауруды емдеудің кейбір әдістері әлі сынақтан өтіп жатыр, - деп жазады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.

Бөлісу: