Кімге банан жеуге болмайды?

Банан – экзотикалық жеміс. Оны ұнатпайтын жан жоқ болар. Дәмі уыздай әрі асқазанға тоқ.

Пайдалы витаминдер мен микроэлементтерге бай. Бананды десерт қылып беретіндер көп. Одан торт, тәтті тағам жасайды, нан пісіреді.

Бананның пайдасы

Бананның пайдасы мол. Жемістің құрамында калий, фосфор, темір мен витаминдер мол, әсіресе, В тобындағы витаминдерге бай. Тәбет мен ұйқы қашқан кезде, дене ісінген кезде бананның пайдасы көп.

Қан қысымы жоғары, баспамен, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауырған адамдарға банан жеу қажет. Есте сақтау қабілеті нашарлаған, ұмытшақтық дендеген кезде де бананның пайдасы мол.

Банан кімге зиян?

Бананның пайдасы көп бола тұра, оның кейбір адамдарға зияны да бар екен. Жалпы, банан зиянды жеміс емес, тек кейбір ауруы бар адамдарға не науқастарға жеуге болмайды. 

Банан көп жейтіндердің (күніне 5-еуден көп) басы ауырып, ұйқы басуы мүмкін. Сондықтан нормамен жеген жөн.

Бүйрегі ауыратын адамдарға банан көп жеуге болмайды. Өйткені банан ағзадағы суды сыртқа шығарып жіберетін жеміс. Ал бүйрекке ағзада судың жеткілікті болғаны қажет.

Көктамыры қабынған (тромбофлебит) адамдарға банан аз жеу керек. Жоғарыда айтқанымыздай, бананның ағзадағы суды сыртқа айдайтын қасиеті бар. Ал ағзада су азайып қалса, қан тамыры сусап, қоюланып кетеді. Содан қан айналымы нашарлауы мүмкін.

Асқазаны ауыратын адамдарға да болмайды. Өйткені банан асқазанда ұзақ қортылатын жеміс. Ас қорытуы бұзылған жағдайда, бананды қорыту қиын болып қалады. Одан бөлек, банан қыжылды көтеруі мүмкін.

Диабетке шалдыққандардың да банан жемегені жөн. Себебі қандағы глюкоза көтеріп жіберуі мүмкін. 

Салмағы көп адамдарға да бананды аздап жеген дұрыс. Бананның калориясы көп, онсыз да толық адамның одан әрі толуына себепші болуы мүмкін.