Ғалымдар аз өмір сүруге не әсер ететінін айтты

Ғалымдар аз өмір сүруге не әсер ететінін айтты
Фото: yandex.kz

Фин ғалымдары адамның аз өмір сүруіне не себеп болатынын білу мақсатында ұзақ жылдық зерттеу жүргізген. Зерттеудің нәтижесін жариялаған – BMJ Open журналы.

Финляндияның денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру ұлттық институтының мамандары 1987 жылдан бастап 2007 жылға дейін 20 жылға созылған зерттеу жүргізген. 25 пен 74 жас аралығындағы 38 549 адамға зерттеу жасаған.

Тәжірибе барысында ғалымдар адам өмірін қысқартатын түрлі факторлар ескеруге тырысқан: созылмалы ауру, зиянды әдеттер, психокалық сезімдік жай-күй, диета ұстау, спорпен айналысу. Зерттеуге қатысқан адамдарды ғалымдар 2014 жылдың соңына дейін бақылауда ұстаған.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, адам өмірін қысқартатын нәрселердің топ басында – шылым шегу тұр. Өмір бойы шылым шеккен ер адамның өмірі 6,6 жылға азайса, әйел адамдікі 5,5 жылға азаяды.

Одан кейінгі орында тұрған – диабет. Диабетке ер адамдардың өмірі 6,5 жас қысқарса, әйелдердікі 5,3 жас қысқаратын көрінеді.

Ал ең қызығы, адамның ұзақ жасауына зиянын тигізетін үшінші себеп – күйзеліс. Үнемі стресс пен күйзелісте жүрген ер адамның өмірі 2,8 жас, әйелдікі 2,3 жас қысқарады екен. Бәрі адамның бастан өткергені мен уайым-қайғыны көтере алу, оны іштей бағалай алуына байланысты. Егер адам «мен көрген қиындықты бәрі көріп жүр ғой» десе, онда бұл үлкен күйзеліс емес. Егер «маған келген қиындық ешкімнің басында жоқ» деп ойласа, онда мұндай күйзелістің зардабы ауырлау.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, физикалық жаттығу жасамайтын ерлер 2,4 жас қысқа жасайды. Ал әйелдерде ондай жоқ. Әйелдердің денсаулығы физикалық жаттығуларға қарамайды. Соған қарағанда әйелдің денсаулығы ерлердікіне қарағанда мықтырақ келеді әрі зиянды әдеттерден ада.

- Бұған дейін жүргізген зерттеулерде әлеуметтік-демографиялық факторлар басты назарға алынса, біздің зерттеуімізде адам өмірін қысқартуға әкелетін түрлі факторларды ескеруге тырыстық. Олардың арасында дене салмағы, артериалды қысым, холестериннің мөлшері сынды параметрлер де ескерілді, - дейді зерттеу тобының жетекшісі Томми Хяркянен (Tommi Härkänen).

Айта кететін тағы бір жайт бар. Аталмыш зерттеу адамның ұзақ өмір сүруіне оның әлеуметтік жағдайы, білімі мен өмір сүру деңгейі әсер етпейтіндігін дәлелдеді. Ал бұған дейінгі зерттеулерде адамның әлеуметтік жағдайы оның өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер ететін фактор ретінде сипатталған еді.

Қ. Слямбек