Жаттығу жасаудың зияны бар ма?

Америка ғалымдары денеге күш салып жаттығу жасаудың зиян екенін айтады. Яғни, зорығып жаттығу жасаудың кесірінен адамның жүрегі тоқтап, инфаркт алуы не жүрек фибрилляциясына душар болуы мүмкін. Мұны MedicalXpress басылымы хабарлады.

Спортпен айналысатын не белсенді өмір салтын ұстанатын, жүгіруді әдетке айналдырған адамның денсаулығы жақсы болатыны белгілі. Алайда зорығып не қиналып жүгірудің зияны көп. 300 ғылыми жұмысқа талдау жасаған ғалымдар марафон,триатлонға қатысатын адамдардың жүрегі мен қан тамырында ақау көп болатынын, оның соңы өлімге әкеп соқтыратынын айтады.

Сондықтан физикалық жаттығуды аз-аздап, біртіндеп барып жасаған жөн. Бірден күш түсіруге болмайды. Марафонға да дайындалып барып қатысқан дұрыс. Триатлонға қатысып, жағдайы нашарлаған адамдардың 40 пайызы – дұрыс жаттығу жасамаған не жүгіруге бірінше рет қатысып отырғандар әрі жүрегі ауыратын адамдар болып шыққан. Ең дұрысы, ұзақ қашықтыққа жүгірудің алдында бірнеше күн жаттығып, аз қашықтыққа жүгіріп бой үйретіп алған жақсы. Темпті біртіндеп көбейткен жөн.

Жүрек фибрилляциясы – инсультқа себепші болатын аурудың бастапқы түрі. Ол ағзаға ауыр күш түскен кезде біліне бастайды. Ал жаттығуды аздап, күш түсірмей жасасаңыз, фибрилляциядан сақтануға болады. Әсіресе, отырып жұмыс жасайтындар мен аптасына 100 шақырымға дейін жүгіретін адамдардың жүрек фибрилляциясына шалдығу қаупі қалғандарынан жоғары.