Лас ауаның адам денсаулығына зияны қандай?

Әлемдегі экология мәселесі адамзаттың негізгі проблемасына айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, қоршаған ортаның жағдайы адам денсаулығына 25-30% кері әсер етеді. Мыңдаған органикалық қосылыстың шамамен 60 мыңы тірі ағзаларға, соның ішінде адамға да зиянын тигізіп отырады. Қазір медицинадағы аурулар төрт түрлі модельге ажыратылған: экологиялық, генетикалық, аккумуляциялық және онтогенетикалық. Аталғандардың ішінде экологиялық модельдің әсері үлкен болып тұр. Оны экологтар мен ғалымдардың зерттеуі де растап отыр және лас ауаның адам ағзасына кері әсері орасан дейді.

"Биосфера экологиясы" лабораториясының ғылыми қызметкері Насиба Байматованың айтуынша, ластанған ауа адамның физикалық психологиялық саулығына әртүрлі әсер етеді. Салдарынан мына аурулар ушығуы мүмкін:

• ауамен жұғатын респираторлық ауру;
• жүрек-қан тамырлары ауруы;
• көз, мұрын, тамақ қышуы;
• репродуктив мүшенің зақымдануы;
• көкбауыр, қан, бауырдың зақымдануы;
• семіздік;
• жүйке жүйесінің зақымдануы.

"PubMed және Web of Science зерттеуіне сүйенсек, лас ауамен тыныстаған адам семіздікке душар болады екен. 2017 жылы жүргізілген зерттеуге тәжірибе ретінде лас ауа құрамында болатын PM (ұсақ дисперсті шаң бөлшегі) қауіпті бөлшегі, NO2, SO2, O3 және ауа сапасының жалпы индексі алынған. Бұл заттар адамның зат алмасу процесін бұзып, кері әсер етеді. Нәтижесінде адам семіздікке шалдығады", - дейді ғалым.

Лас ауаның тірі ағзаға қаншалықты зиян екенін жануарларға жүргізілген тәжірибеден білуге болады. 2011 жылы Огайо штатындағы 4 университеттің ғалымдары ауа құрамындағы PM 2.5 қауіпті бөлшегінің тышқандарға әсерін бақылаған. Тәжірибеге алынған тышқандарды in vivo және in vitro жағдайда, яғни біреуін табиғи ортада, бірін шыны түтікте ұзақ уақыт сынаған. Зерттеу нәтижесінде PM 2.5 бөлшегімен тыныстаған түтіктегі тышқан уақыт өте келе депрессив реакция таныта бастаған. Анық болғандай, оның гиппокампының жұмысы бұзылған.

Гиппокамп – мидағы лимбикалық жүйенің бөлігі. Ол эмоция мен жадқа жауап береді. Тәжірибе көрсеткендей, гиппокамптың бұзылуы депрессив реакцияға және мидың когнитив бұзылуына душар еткізді.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, инсульт, өкпенің қатерлі ісігінен, жүрек ауруынан қайтыс болғандардың үштен бірі лас ауадан зардап шеккен.

Биология ғылымдарының кандидаты, доцент, эколог Найля Қоңырқұлжаеваның ғылыми жетекшілігімен жарық көрген "Алматы қаласының ластануы және оның қала тұрғындары денсаулығына әсері" деген зерттеуде лас ауаның зардабы кімге көбірек әсер ететіні жазылған.

"Алматы ауасындағы азот диоксидінен фотохимиялық тұман, тұмша түзіледі. Мұндай жағдайда өмір сүретін адамның тыныс жеткіліксіздігіне, гайморитке, ларинготрахеитке, бронхитке, бронхопневмонияға шалдығу ықтималдығы жоғары.

Зиян газдың зардабын көбіне кептелісте жиі тұратын жүргізушілер мен жолаушылар тартады", - деп жазылған зерттеуде.

Ал Қоңырқұлжаеваның өз монографиясында көрсетілгендей, Алматы қаласында ауаны ластайтындардың үлесі мынадай: 80% – көлік, 13% – жылу электрцентралы, 5% – жеке сектор және 2% – өндіріс орындары. Зерттеудегі тағы бір дерек бойынша, экология проблемалары кесірінен тыныс мүшелерінің ауруы көбейген. Мысалы 2017 жылғы статистикада 100 мың адамның 42,9%-і тыныс ауруларына шалдыққан.

airkaz.org сайтының жетекшісі Павел Александров қаладағы экология апатты жағдайда, бірақ бұл ресми мойындалмай келеді дейді.

©airkaz.org/Алматы, 24 ақпан

"Бұл – әрбір текше метрге шаққанда ауа құрамындағы PM 2.5 қауіпті бөлшегінің деңгейі. Ол неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар дегенді білдіреді. Тәулігіне орташа қалыпты норма – 25 микрограмм", - дейді жоба авторы Павел Александров.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауасы лас қалада тұратындарға 5 кеңес ұсынады:

1. Көлік кептілісінде, бағдаршам маңында көп жүрмеуге тырысыңыз. 
2. Егер кептеліс маңында кішкентай баламен жүрсеңіз, оны көтеріп алыңыз, себебі көлік түтінін бірінші кезекте балалар жұтады.
3. Далада спортпен айналыссаңыз, мейлінше ауасы таза, ағашы көп аймаққа барыңыз.
4. Лас ауаның деңгейі көтеріліп кеткен күндері көлік айдаудан бас тартуға тырысыңыз.
5. Қалдықтарды өртемеңіз, одан шығатын түтін денсаулығыңызға зиян.