Түзу тіс – денсаулық кепілі

Сау тіс – денсаулық кепілі екенін бәріміз білеміз. Алайда медициналық көрсеткіш бойынша, халықтың 70-80%-ға жуығы тістің басқа ауруларын былай қойғанда, оның қисайып бітуінен, үстіңгі тістер мен астыңғы тістердің дұрыс беттеспеуінен зардап шегеді. Ең өкініштісі, тістің қисайып бітуі, астыңғы тіс пен үстіңгі тістің дұрыс түйіспеуі бүгінде жылдан-жылға ұлғайып бара жатқан кеселдердің қатарына саналады.

Бүгінде тісін түзету үшін брекет жасататындар көп. Ал мамандардың дәлелдеуінше, қисық тістің себебі – қазіргі тағамның шамадан тыс жұмсақтығы, күш жұмсап шайнауды керек етпейтіндігі. Себебі табиғат тісті қатты нәрселерді де шайнауға лайықтап жаратқан. Ал ондай міндетті жеткілікті атқармады дегенше, оның түбі босап, қисая бастайды. Тіпті жақ сүйектердің тиісінше дамымай қалуы да ықтимал. Соның салдарынан қызыл иекке тіс симай, бірінің үстіне бірі қиқы-жиқы қалыпта орналаса бастайды. Осыған керісінше, кейде нәрестенің тісі тиісті мөлшерден айтарлықтай кем болып туылады. Олар қызыл иекке арасы алшақ-алшақ күйде орналасады. Соның салдарынан кейін тіс қисайып, тіс қатарының кескін-кейпі бұзылады. Мамандар тістің бұлайша сирек бітуіне қазіргі қалыптасқан жағдайлар әсер етіп отыр дегенді айтады. Мысалы үшін, бүгінгі экологиялық жағдай мен қоршаған ортаның бұзылуынан бала ана сүтіне қанып өспейді. Жаңа туған нәресте көбінесе қолдан тамақтандырылады.

Қисық біткен тістің адамға тигізер зияны да бар. Ең әуелі тістері қисық орналасқан, екі жақ сүйегі бір-бірімен дұрыс беттеспейтін жасөспірім ұялшақ, қорғаншақ болып өседі. Өзге құрбыларымен емін-еркін араласып өспеген ондай бала кейін қоғамға, қалың қауымның арасына да оңайлықпен сіңісе алмайды. Мұндай жағдай оның бойындағы табиғи қабілеттерінің дұрыс ашылмауына, адамның өзін-өзі бар мүмкіндігін, қарым-қабілетін толық көрсете алмауына алып келеді.

Ал тән саулығына келетін болсақ, қисық тіс қызыл иекті ауруға ұшыратады. Тіс қатары дұрыс тазаланбайтындықтан, жегі, қанқұрт секілді әртүрлі аурулар пайда болады. Тіпті кейде қисық біткен тістің салдарынан ауызға жасанды тіс салу да мүмкін болмай қалады. Кей жағдайда үстіңгі жақсүйек пен астыңғы жақсүйектің дұрыс беттеспеуі, тістердің дұрыс тістеспеуі салдарынан самай мен шықшыттағы буындар дұрыс дамымайды. Бұл сөйлеуге де, ас шайнау, ас қорыту жүйесіне де зор зақым тигізеді. Сонымен қатар мұндай кемшілікті оташылық әдістермен жөндеу де қиынға түседі.

Астыңғы жақсүйек пен үстіңгі жақсүйектің, астыңғы тістер мен үстіңгі тістердің дұрыс беттеспеуінің бірнеше түрлері бар. Олардың жиі кездесетін түрлері мыналар:

• Үстіңгі жақсүйектің жақсы жетілуі мен астыңғы жақсүйектің дұрыс жетілмей қалуы. Мұны стоматологияда дистальдық ақау дейді.

• Төменгі жақсүйектің үстіңгі жақсүйектен асып, алдыға шығып кетуі. Мұны мезиальдық ақау дейді.

• Төменгі жақсүйектегі тістерді үстіңгі жақсүйектегі тістердің беттескен кезде түгелге жуық жауып кетуі. Мұны тереңдеген, шегіне жеткен ақау дедйі.

• Жоғарғы жақсүйек тістері мен төменгі жақсүйек тістерінің көпшілігінің бір-бірімен дұрыс беттеспеуі. Мұны ашық ақау ейді.

• Үстіңгі жақсүйек тістері мен астыңғы жақсүйек тістерінің қабаттасқан кемшілігі. Мұны тоғысқан ақау дейді.

• Тістердің өз орнына өспей, басқа тұсқа, тіс қатарын бұзып өсуі. Мұны дистопиялық ақау дейді.

Астыңғы жақсүйек тістері мен үстіңгі жақсүйек тістерінің дұрыс беттеспеуінің негізгі себептері:

• Тістің дұрыс беттеспуі ата-анадан балаға тұқым қуалау арқылы беріледі;

• Сәби кезде ренитпен, аденоидпен ауыру да тістердің дұрыс беттеспеуіне әсер етеді. Себебі бұл аурулардың кезінде бала мұрынмен емес, тек ауызымен демалады. Соның салдарынан төменгі жақсүйек нашар дамиды;

• Нәрестенің ұзақ уақыт емізік (соска) арқылы қоректенуі, саусағын сору сияқты жағымсыз әдетке дағдылануы да үстіңгі тістер мен астыңғы тістердің дұрыс беттеспеуіне алып келеді.

• Қалқанша без жұмысындағы ақау мен сүт тісін ерте жұлып тастау да үтіңгі жақсүйек пен астыңғы жақсүйектің дұрыс беттеспеуіне себеп болады.

Түптеп келгенде тіс пен жақсүйектегі бұл ақаулар ішкі ағзалардың ауруларына алып келеді. Мысалы, ас дұрыс шайналып, дұрыс қорытылмайтындықтан, асқазан-ішек жолдары ауруға ұшырайды. Адамның сөзі, дауыс ырғағы да бұзылады. Сонымен қатар жақсүйек пен тістегі ақау бас, құлақ, тамақ, жоғары тыныс жолы ауруларына да әсері бар. Сондықтан өзіңіздің немесе балаларыңыздың, отбасының өзге де мүшелерінің тамақ шайнауы бұзылып, тісінде жоғарыда айтылған ақаулар болатын болса, ортодонт (ортодонтия - стоматологияның тістер мен жақты түзету мәселелерімен айналысатын арнайы бағыты) маманға барып кеңес алыңыз. Тіс қатарын, жақсүйекті рентгенге түсіртіңіз. Бүгінде жақ сүйектегі немесе тістегі ақауды жоюдың механикалық та, функциональдық та құралдары аз емес. Тек артық уақыт өткізбей дәрігерге көрінсеңіз болғаны және ем неғұрлым уақытылы басталса, соғұрлым нәтижелі болатынын ұмытпаңыз.