Аязды күні жеуге пайдалы 7 азық-түлік

Қыстың аязды күндері адамдар жиі ауырады немесе күйзеліске түсіп жатады. Тамақтану ағзаға тікелей әсер ететіндіктен оған кей өзгерістер енгізу арқылы қыстың негативті әсерін азайтуға болады. Кейбір пайдалы азық-түлікті қыста көбірек жеген дұрыс.

1. Қызыл болгар бұрышы
С дәрумені иммунды жүйені қатайтып, энергиямен қуаттайтынын бәрі біледі. Оны алу үшін цитрусты жемістер жеу керегін де біледі, алайда қызыл болгар бұрышында С дәрумені апельсинге қарағанда көбірек. Оған қоса, қызыл тәтті бұрыштың құрамында оған қанық түс беретін және күшті антиоксидант болып келетін каротиноидтар бар.

2. Балық
Аяз беті терісін құртады. Мұндай кезде балық көбірек жеу керек. Себебі балық омега-3 және омега-6 майлы қышқылдарына бай. Бұл майлы қышқылдар теріні қорғап қана қоймай, жүрек, ми және көру жұмысына көмектеседі.

3. Саңырауқұлақ
Қысқы тамақтану рационында саңырауқұлақтар болуы керек. Олардың антивирустық және антибактериалдық қасиеттері жақсы зерттелген. Мысалы, шампиньон саңырауқұлағы иммунитетті жақсартатын D дәруменіне бай.

4. Ірімшік
Ірімшік құрамында С және D дәруменінің жеткілікті мөлшері бар. Сондай-ақ ол ақуызға бай болғандықтан ірімшік жегеннен кейін біраз уақыт тоқ жүресіз.

5. Көкжидек (голубика)
Барлық жидектер пайдалы. Бірақ көкжидекте басқаларға қарағанда антиоксиданттар көбірек. Бұл антиоксиданттар токсиндерді шығарып, ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға көмектеседі.

6. Даршын
Ол ең пайдалы дәмдеуіштердің бірі. Оның құрамында антиоксиданттар бар және ол зат алмасуды жақсартады. Қыстың аязды күндері даршын қосылған ыстық шай немесе кофе ішіңіз.

7. Банан
Ағза бананның құрамында болатын триптофан деген заттан "бақыт гормоны" – серотонин өндіреді. Триптофан бананнан бөлек сүтті өнімдерде, балықта, бадамда және жержаңғақта болады.