Қазақстанда алғаш рет "Chimney technique" бірегей отасы жасалды

А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының интервенциялық кардиология және эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінде бірегей операция жасалды. Қазақстанда алғаш рет бүйрек артерияларына таралған құрсақ қолқасы аневризмасына Chimney technique техникасы қолданылды. Әдетте мұндай жағдайларда стент-графттың классикалық имплантациясы мүмкін емес, өйткені стент-графттың тіндері бүйрек артерияларының сағаларын жауып қалады.

74 жастағы науқастың жүрегіне бұған дейін де ота жасалған. 2015 жылы аортокоронарлық шунттау жүргізіліп, қолқаның құрсақ бөлімінің аневризмасына байланысты стент-графт орнатылған. 4 жылдан кейін ауру қайтадан асқынып, аневризма бүйрек артериялары деңгейлеріне таралған. Бұл жағдай науқасты тексеру барысында анықталды (1-сурет).

Мұндай жағдайларда ашық ота жасау қажет. Алайда науқастағы жанамалас аурулардың әсерінен көп мөлшерде қан кету қаупі болды. Сондай-ақ науқасқа бұрын стент-графт орнатылғандықтан, ашық отаны жүргізу көптеген қиындықтар туындатар еді.

Аортография (2-сурет) кезінде хирургтардың қауіптері расталып, сол жақтағы бүйрек артериясында аневризмалық қапшықтың бары белгілі болды. Бұл қапшық кез келген сәтте жарылып, өлімге әкелуі мүмкін.

"Chimney" техникасының ұтымды тұсы — бір уақытта бірнеше стент-графтқа бірден параллель имплантация жасау мүмкіндігі. Ота барысында негізгі бір графт сан, ал өлшемі кіші екі перифериялық графт қолтық асты арқылы кіргізілді. Осылайша, екі стент-графт негізгі стент-графтан төмен, ал бүйрек стенттерінің сағалары негізгі стент-графтан жоғары орналасып, бүйрек артерияларының өтімділігін сақтап қалды (3-сурет).

Негізгі стент-графтың міндеті аневризманы жабу болса, ал екі перифериялық стент-графтың міндеті негізгі стент-графтың астында орналасқан бүйрек артерияларының өтімділігін сақтау.

Соңғы суретте (4-сурет) аневризма көрінбейді, ал бүйрек артерияларының өтімділігі сақталған.

Ота сәтті аяқталды. Отадан кейінгі кезеңде асқынулар орын алған жоқ. Ота жасалғаннан кейінгі 4-тәулікте науқас ауруханадан үйге шығарылды.