Қызылшаға қарсы вакцина басқа да жұқпалы аурулардан қорғайды

Көпшілігіміз қызылша сияқты балалар ауруларын білеміз. Кейбіріміз тіпті ауырғанбыз да. Алайда қазіргі кезде қызылша сиректеу кездесетін болды. Бұл вакцинацияның арқасында. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар жалған ақпаратқа еріп өз балаларын, қызылша мен басқа да инфекцияларға қарсы вакцинациялаудан бас тартып, оларды үлкен қатерге ұшыратуда. Өйткені, соңғы ақпараттарға сүйенсек қызылша – әлдеқайда күрделі асқынулар беретін ауру.

Жақында жарыққа шыққан ғылыми зерттеулер көрсеткендей, тіпті сауыққаннан кейін де қызылша вирусы - бактерияларға, вирустарға және қатерлі ісіктерге қарсы күресетін иммундық жүйесіне ұзақ уақыт зақымдаушы әсерін жалғастырады. Иммунитеттің мұндай бұзылуы балалардың пневмония және тұмау сияқты басқа да қауіпті ауруларға ұшырауына әкеп соғады.  Қызылша вирусы әр түрлі инфекцияларға қарсы күресуге арналған антиденелерді шығаратын иммундық жасушаларды жояды.

Ғалымдар бұл құбылысты "иммундық амнезия" деп атайды – ол иммундық жадының өшіп қалуы. Сәби кезінде бала суық тиіп, пневмония мен басқа да ауруларды тудыратын бактериялар және вирустармен сырқаттанғанда баланың иммундық жүйесі осы инфекцияларды есте сақтап, олардың қайталануына дайын болады. Жаңа зерттеулердің деректері бойынша, қызылшаның вирусы есте сақталған иммундық ақпаратты өшіріп тастап, баланы бұрын кездескен инфекцияларға қайта бейім етіп, келесі жолы өлімге ұшыратуы мүмкін.

Қызылша өз бетімен де қауіпті, пневмония, энцефалит және басқа да асқынуларымен өлімге әкелуі мүмкін. Дамушы елдерде қызылша балалар өлімінің жетекші себептерінің бірі болып қалуда.  Жаңа ғылыми деректер көрсеткендей, қызылша ауруының кең және ұзақ салдары бар. Бұл балаларға төніп тұрған өлім қаупін алдын-алуда қызылша мен басқа да балалар инфекцияларына қарсы вакцинацияның қаншалықты маңызды екендігін тағы да дәлелдейді.

Әлемдік ауқымда қызылшаға қарсы вакцина 2001-2017 жылдар аралығында 21 миллионға жуық адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Дегенмен, жыл сайын әлемде 7 миллионнан астам қызылша инфекциясы тіркеледі. Дамушы елдерде бұл қызылшаға қарсы вакцинаға қол жетімсіздігіне байланысты. Дамыған елдерде қызылша инфекциясының көбеюі кейбір ата-аналардың өз балаларын вакцинациялаудан бас тартуына байланысты.

Ата-аналар балаларын вакцинациялауға "қарсымын" деген кезде, оларды тек қызылшаны жұқтыру қаупіне ұшыратып қана қоймай, басқа да көптеген инфекциялардан қорғайтын иммунитетін жоғалтуға ықпал етеді. Ата-аналардың мұндай әрекеті баланың ертеректе қалыптасқан бағалы иммундық жадысынан айырып, ұзаққа кететін салдары болуы мүмкін. Ғалымдардың ойынша қызылшаға қарсы вакцина егу ешқашан да кеш емес және қайта вакцинация жоғалған иммундық жадыны қалпына келтіруге септігін тигізеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулық сақтаудың ең қауіпті: Эбола індеті, жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, жүрек-қан тамырлары және басқа да жұқпалы емес аурулардың таралуы сияқты он кең таралған қатерлерінің қатарына ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тарту мәселесін де жатқызды.

Кәсіби емес ақпаратқа сеніп, ата-аналар вакцинациядан бас тарта отырып, тек өз балаларына өмірлік қауіп төндіріп қана қоймай, сонымен қатар жұқпалы аурулардан ұжымдық қорғанудың нашарлауына ықпал етеді.

Лондонның гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Хайди Ларсон Nature журналында былай деп жазады: "келесі ірі эпидемия алдын-алу технологияларының жетіспеушілігінен емес, әлеуметтік желілер мен сандық технологиялармен бірнеше есе күшейтілген "эмоциялық жұқпалы індеттің" салдарынан болады". Бұл қауіптің алдын алу үшін денсаулық сақтау жүйесі вакцинацияға қарсы науқанға жасалып жатқан іс-әрекеттер сияқты батыл шешімдер қабылдауы тиіс.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.